«Белгілі жазушы Дулат Исабеков «Айтыс өнер болудан қалды. Өз басым кез келген өнердің таза болғанын қалаймын. Спорттың шал да, бала да, қабілеті бары да, жоғы да қатыса беретін «крос» деген түрі болады. Міне, бүгінгі айтыс осының біріне айналды. Бұрынғы ақындардың өресі биік болушы еді, керемет ойлар қозғайтын. Ал қазір…» деп айтар сөзін алдын ала жазып, жаттап келетін ақындарға көңілі толмай, жазғаны бар еді. Сол кездің өзінде айтысқа жазушы тарапынан «крос» деген баға берілген болса, қазақ өнерінің бүгінгі дәрежесі туралы не дей аламыз?», — деп сауал тастайды газет «Айтыс «мазақ» насихатқа мұқтаж ба?!» атты мақалада.
Енді бір жерінде «Айқын» басылымы: «Хабар» арнасы бұл жобаны қолға алғанда, қазақтың айтыс өнеріне шынайы қамқорлық жасағысы келді ме? Әлде рейтингі төмендеп бара жатқасын шоу-айтыстың шаужайына жармасты ма? Егер шынайы қамқоршы болды дейін десек, осыған дейін өткен дәстүрлі айтыстардың ең өткір деген тұстарын түгел қиып тастап, эфирге тек сүреңсіз тұстарын ғана іріктеп беретінін неге ұмыттық?» — дейді.
Айта кетейік, 23 наурыз күні Астана қаласының әкімдігі мен «Хабар» арнасының ұйымдастыруымен өткен «Жұлдыздар айтысады» атты шоу-айтысы өтті. Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған шоу-айтыс хақында пікір әртүрлі. Біреулері «бұл — қазақ өнерін насихаттаудың бір үлгісі» десе, енді біреулері «айтыстың деңгейін түсіретін шара», «асыл мұрамыз мұндай насихат түріне мұқтаж емес», «айтыстың жаназасын шығарайын деп жүр» деп сынның астына алды.