Төлеген Айбергеновтың 80-жылдық қорытынды кеші өтті

Аталмыш шара Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы жанынан құрылған «Ақ жол — жастар» қанаты мен «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының бастамасымен өткізілді.

Оған белгілі ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен Астана қаласындағы Т.Айбергенов атындағы № 16 орта мектептің мұғалімдері және оқушылары белсенді қатысты.

Маңғыстаулық делегацияны бастап барған Жаңбырбай Матаев және Сәбит Тоқымбетов болды. Қорытынды кеште сөз сөйлегендер қатарында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы — Үмітхан Мұңалбаева, Қонаевтанушы, жазушы Ораз Қауғабай, Сафуани Есенқұл, Нысанбай Қуаналиев, жазушы Қажығали Мұхамбетқали, ақын Серік Тұрғынбек, Оразгүл Асанғазы бар. Сонымен қатар ҚР Мәдениет және Спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтауын Бекзат Смағұлов жеткізді.

Поэзия сүйер қауымға «Айбергенов әлемі» бейнефильмінен үзінді көрсетіліп, ағайынды «Арна» тобының Төлеген Айбергеновтің сөзіне жазылған, композитор Жеңіс Естілеуовтің «Марфуға», «Сайрашы сандуғашым», «Ақ қайыңдар» әндері, әнші, композитор Гүлмира Сарина «Сағыныш» әнін, Шымкенттік жас әнші Арайлым Саттарбай, ақын Сәнді Ақылайдың сөзіне жазылған ақын Төлегенге арналған «Төлеген толғау» әнін, Ажар Сейтенова «Әуен мен ырғақ», «Төлеген жыр» әндерін орындалып, Л. Гумилев атындағы еуразия ұлттық университетінің студенттері мен Т.Айбергенов атындағы № 16 орта мектептің оқушылары ақынның қаламынан туған өлеңдерін оқып, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері күйлерін тарту етті.

Сондай-ақ, Төлеген Айбергеновтің мұрасын насихаттаушылар мен төлегентанушыларға «Т.Айбергеновке 80 жыл» естелік медалі табысталып, алғыс хатпен марапатталды.

Жалпы өткен 2017 жыл Төлеген ақынға арналды десек артық айтпаған болар едік. Себебі Ақтау, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Астана қалалары мен Ресейдің бас қаласы Мәскеу, Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нөкіс шаһарында ақынның 80 жылдығына орай бірқатар шаралар бірінен соң бірі өткізілді.

Бұл ретте Төлеген Айбергеновтың құрметіне орайластырып өткізіліп келе жатқан барлық шараларға белсенді түрде қатысып келе жатқан танымал тұлғаларды да айтпай кетуге болмайды. Олар Мұхтар Шаханов, Әділғазы Қайырбеков, Ғалым Жайлыбай, Оғыз Доған, Светқали Нұржан, Мұқан Амангелді, Мақсет Әлсейітов, Әлімбай Найзабаев, Бауыржан Жақып және т.б.

Бұған қоса, ақынның 80 жылдығына арналған «Төлеген Айбергенов поэзиясы және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы Түрік, Қытай, Өзбекстан, Қарақалпақстан  мемлекеттері мен Қазақстаннның әрбір облысынан зиялы қауым өкілдерінің басын қосты.

Сонымен қатар, ауқымды шара кезінде резалюция қабылданып, ҚР Үкіметіне Шымкент қаласындағы Т.Айбергенов көшесіне ескерткіш орнату, ҚР Білім және ғылым министрлігіне Оңтүстік-Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты жанынан «Төлегентану» ғылыми-зерттеу орталығын ашу, Қазақстан Жазушылар Одағына Төлеген Айбергеновтің толық шығармалар жинағын басып шығаруды ұйымдастыру, Алматы қаласы әкімдігіне Бұқар жырау көшесіндегі № 81 мектепке Т.Айбергеновтың есімін беру, Алматы қаласының орталығындағы Марков көшесін Т.Айбергенов көшесіне ауыстыру, Маңғыстау облысындағы салынып жатқан жаңа мектептің біріне ақынның есімін беру туралы бірқатар ұсыныстар жолданған.

Тағы бір жағымды жаңалық Үстіміздегі жылы 24 ақпанда Ақтау театрының сахнасында Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» қойылымы көрсетілмек. Спектакль кезінде тұңғыш рет ақиық ақын Төлеген Айбергеновтың 11 өлеңі оқылып, 5 әні орындалады.

Жас режиссер Әлия Исаева, қойылым маңғыстаулықтардың талғамынан шығатынына сенімді. Сахна төрінде «Ақ жол» жастар қанатының мүшелері өздерінің актерлік шеберліктерін көрсетеді.

«Бұл қойылымды ойнап шығуға ниет білдірген жастар көп болғанымен, санаулы актерлер ғана таңдап алынды. Ал іріктеуден сүренбеген Ақтаулық студенттер бұған дейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында курстан өтті. Ақтауда бастау алатын қойылым, ақынның туған жері Қоңырат қаласында және ата-бабасының дүниеге келген мекені, Ақтөбе өңірінде жалғасын табады деп жоспарланған. Сонымен қатар, болашақта еліміздің барлық аймағында осы қойылым көрсетіледі деп ойлаймын», — дейді Әлия Исаева.

«Байтақ мекенім» қоғамдық қорының үйлестірушісі Қоңыратбай Испанов, қойылым барысында Төлеген ақынның өлеңдері орындалып, адамның жүрегінің түкіпірінде жатқан сезімді қозғайтын керемет әндер спектакльдің ажарын аша түсетініне сенімді.

«Төлеген ақын қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған кемеңгер тұлға. Яғни, қаламгердің әдеби мұрасын насихаттау, шығармашылығын оқып үйрену және жастарды поэзияға баулу «Байтақ мекенім» қорының басты міндетінің бірі деп білеміз. Ал Астанада өткен еске алу кеші жоғары деңгейде өткізілді. Сөз орайы келгенде айта кету керек, «Арна» тобының Астана шаһарына барып өнер көрсетуі Маңғыстау облысы әкімдігінің тікелей қолдауымен ұйымдастырған болатын. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Биылдың өзінде бірқатар ауқымды шаралар өткізу жоспарымызда бар», — дейді Қоңыратбай Испанов.

Ақынға деген құрмет ерекше. Оның талабы таудай екені сөзсіз, әрі сөз өнерін қастер тұтқан ақиық ақынның өлеңдері аудан, облыс, республикалық басылымдарда жарық көрді. Бірнеше кітаптары да оқырмандарға жол тартты. Сонымен қатар, өлеңдері орыс, өзбек, түрік, испан, қытай тілдеріне аудару қолға алынды.

Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмыр сүргеніне қарамастан, оның артында мəңгі өлмейтін жырлары қалды. Ақиық ақын бар болғаны 30 жыл өмір сүрді. Осыншама аз ғана ғұмырында ұлттық әдебиетімізде өшпестей із қалдырған оның өлеңдері, талай сахналарда оқылып жүр, әлі де оқыла бермек.

Нұрбол Окуов