Төртінші қысқы Спартакиада жүлдегерлері марапатталды

Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен  келген 9 команда қатысты. Олар Алматы және Астана қалалары, Алматы, Ақмола, СҚО, ШҚО, Жамбыл, Ақтөбе және Маңғыстау облыстары.

Керлинг додасы айналым жүйесі бойынша бүкіләлемдік керлинг федерациясының (WCF) ережесіне сәйкес қыздар, ұлдар, аралас жұптар, аралас команда болып өзара мықтыны анықтады.

Жарыс қорытындысы бойынша, ұлдар арасында Алматы құрамасы алтынан алқа тақса, Жамбыл  облысының спортшылары күміспен күптелді. Ал мен Солтүстік Қазақстан облысының командасы қоланы қанағат тұтты.  Қыздар арасында Алматы құрамасы бірінші орынға жайғаса,Солтүстік Қазақстан облысының бұрымдылары екінші орынды иеленді. Ал  үздік үштікті  Астана командасы  түйіндеді.  Аралас команда сайысы  бойынша алтынды Алматы облысы, күміс пен қоланы Маңғыстау және Ақтөбе облыстары қанжығасына байлады. Аралас жұптардан  Астана бірінші орынды алса, Ақмола мен Шығыс Қазақстан облыстары екінші және үшінші орындарға жайғасты.

— Үшінші спартакиадада 5 команда болатын, ал, биыл олардың саны 9-ға жетті. Бұл өте қуанышты жайт, себебі Алматы қомандасына бәсекелестік  пайда болды. Керлинг  Олимпиада ойындарының ішіндегі ең жақсы дамып жатқан  спорт түрі. Бұл джентлмендердің ойыны, — деді керлингтен Қазақстан құрамасының  бас  бапкері Виктор Ким.

Спартакиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне медальдар мен дипломдар, сондай-ақ естелік сыйлықтар табысталды.

— Спартакиада өте қызық болды. Осынша команда қатысады деп ойламадық, барлығы да осал емес. Бірақ, біз шеберлігіміздің арқасында жеңіске жеттік. Әрине, сәтсіз жерлерде болды, алайда барлығы жақсы өтті, — деп өз ойымен Алматы командасының ойыншысы Абылайхан Жүзбай бөлісті.

Айта кетер жайт, керлингтен қысқы Спартакиада  Almaty Arena мұз сарайында желтоқсанның  11-і күні басталған болатын. Онымен қатар, бұл жерде ҚР XV-ші чемпионаты, ҚР XIV-ші кубогы және еден керлингінен ҚР III-ші ашық чемпионаты өтуде.