Басты бетЖаңалықтарЕнді Шымкент-Ташкент...

Енді Шымкент-Ташкент бағытында автобустар жүретін болды

Бағыттың жалпы ұзындығы 145, 2 километр болады. Автобус жолда үш сағат жүреді. Жолаушыларды Қазақстан тарапынан «КазнетВоркBus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Өзбекстан жағынан «МанзураТурист» серіктестігі тасымалдайды.

«Екі ел президенттерінің келісімімен 2018 жыл Қазақстанда Өзбекстан жылы болып белгіленді. Келешекте күн сайын 15 автобус жүреді. Екі елдің кеден бекеттерінде жеңілдіктер қарастырылған. Жолаушылар шекарада кезексіз жеке дәлізбен өткізіледі», — дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт.

Айта кетейік, жолақы құны — 3000-3500 теңге аралығында. Шымкенттегі өзбек мәдени орталығының төрағасы Икром Хашимжановтың Азаттыққа айтуынша, Шымкент — Ташкент бағыты жолаушыларға тиімді болғанымен, жолақысы қымбат.

«Шымкенттен жүретін басқа көліктермен Ташкентке 1500 теңгемен де жетуге болады. Алдағы уақытта бұл мәселені ескереді деп сенеміз» — дейді ол.

ДереккөзCentralasian.org