Қазақстанның Сингапурдағы төтенше және өкілетті елшісі Үсен Сүлейменнің айтуынша, қазіргі кезде келіссөздер жүріп жатыр.
«Мен өзім еркін сауда-саттықтың басталғанын асыға күтіп жүрмін. Себебі Қазақстан мен Сингапур арасындағы қазіргі сауда айналымы ойдағыдай емес. Ал Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда-саттыққа жол ашылса, Оңтүстік Шығыс Азиядан инвестициялар көптеп келе бастайды. Біз де өз тауарымызды шығара аламыз», — деді Ү.Сүлеймен Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Осы орайда елші Вьетнам мен ЕАЭО арасындағы еркін сауда туралы келісімнің нәтижесін мысалға келтірді. Соның арқасында Қазақстан аталған мемлекетке астық пен алкоголь өнімдерін көптеп экспорттай бастады.
«Сингапурда салықтың көлемі үлкен. Ал арнайы келісімге қол қойылса, біз астықты да, кондитерлік өнімдерді де тасымалдай аламыз. Айтпақшы, ол жақта біздің шоколадымызды қатты ұнатады. Мен барлық дипломаттарға таратып жүремін. Сонда да қоңырау шалып, әйелдеріне көбірек әкелуді сұрайды», — деп атап көрсетті Үсен Сүлеймен.