Алматыда жас отбасыларға 100 пәтер берілетін болды

Бауыржан Байбек 2020 жылға дейін жастарды қолдауға бағытталған қалалық жол картасының алғашқы қорытындылары туралы айтты. Мұнымен қатар, ары қарай аға буынға барынша қолдау көрсететіндерін мәлімдеді.

«2017 жылы «Алматы жастары» атты тұрғын үй мәселелерін шешуге бағытталған бағдарлама жүзеге асырылды. Оның жүзеге асуына жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінген болатын. Енді 35 жасқа дейінгі алматылықтар пәтер сатып алу үшін жеңілдікпен қарыз ақша ала алады. Бүгінгі таңда 6,6 мың сұраным келіп түсті. Жылдың соңына дейін жас отбасыларға 100 пәтердің кілтін табыстауды жоспарлап отырмыз», — дейді әкім.

Мұнымен қатар, аталған қалада жастарға арнап жатақханалар салу мәселесі қарастырылған екен.

«Бүгінгі таңда бірнеше ЖОО және жеке кәсіпкерлермен меморандумға қол қойып үлгердік. «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» бағдарламасының аясында 2 000 орындық төрт жатақхана салынып бітуге жақын қалды. Келесі жылдан бастап 2,4 мың орындық жатақхана салына бастайды», — дейді әкім.

2020 жылға дейін 7 мың орындық 12 жатақхана салынбақ. Осыған дейін қала әкімдігі мен «Тұрғын Үй Құрылыс Жинақ Банкі» бірігіп 35 жасқа дейінгі жастарға арнап үй салатындары туралы хабарлады. 10 млн теңгеге дейінгі ақшаны жас отбасылар жылына 5 пайыз жеңілдікпен алады. Несие төлеушінің жағдайын ескеріп 3-тен бастап 25 жылға дейін беріледі.

Қатысушылар ұпай жүйесі бойынша таңдалады. Мысалы, ұпайға некелескен жыл, бала саны, тұрғылықты мекені, жұмыс өтілі, мамандығы, жеке кәсіпкер ретіндегі тәжірибесі, Алматы қаласында қанша уақыт тұрғаны әсер етеді. Кейін ТҮҚЖБ салымшының төлем жүргізу қабілеттілігін анықтайды.

Дереккөзbaq.kz