БҚО-да көпбейінді техникалық мамандар дайындау қажет

Өңірде индустриаландырудың екінші бес жылдығында 1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 22 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соған орай жаңа кәсіпорындарға білікті, кәсіби маман даярлауға ерекше көңіл бөлінуде. Осы ретте Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі Елбасының тапсырмасымен дуальды оқыту жүйесін енгізген оқу орындарының бірі. Тапсырманың орындалуын қадағалау мақсатында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед аталмыш оқу орнына арнайы ат басын бұрды.

 Дуальды оқыту жүйесінің мағынасы студенттер білімнің бір бөлігін теориялық үлгіде алса, бір бөлігін тәжірибе арқылы игеруі керек. Оқу-тәжірибеден өтуге барған 4-курс студентін мекеме-кәсіпорындар өздеріне жұмысқа қабылдап, белгіленген еңбекақының жартысын не төрттен бір пайызын төлеуі керек. Сөйтіп олар маман ретінде қалыптаса бастайды. Екіншіден, осындай жүйеде білім алып, колледжді бітірген студенттерді жоғары білім алу мақсатында жергілікті университетке құжат тапсырғанда 1-курсқа емес, бірден 3-курсқа қабылдау шарасын ойластыру керек. Бұл облыс басшылығы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп ұйымдастыратын мәселе. Себебі, мектеп түлектерімен салыстырғанда олар жартылай маман саналады ғой. Тағы бір айта кетер жайт, мұнай-газ мамандары өте көп дайындалған. Олардың бәріне кеніштерде жұмыс жоқ. Сонда мемлекет бұл мамандарды не үшін дайындайды? Сол себепті көпбейінді техникалық мамандарды дайындауға назар аударған жөн, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

М.Құл-Мұхаммед Жайық өңірі экономиканы әртараптандыру бойынша еспубликалық көрсеткіште Астанадан кейін екінші орында екенін, мұндай жағдайда көпбейінді техникалық мамандарға сұраныс боларын атап өтті. Сондай-ақ ол Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің атауын Орал политехникалық колледжі деп өзгертуге ұсыныс тастады.