Елордада мемлекеттік және ұлттық мерекелер – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін және Жаңа жылды елорданың аумағында мерекелеу аясында қаланы безендіру туралы Астана әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасын орындау мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр.
Ал еліміздің басты мерекесі — Тәуелсіздік күніне арналған безендіру жұмыстары 12 желтоқсанда басталады. Атаулы мереке кезінде Астананы 1280 жалау, 2 жалауша панносы, 64 саябақ элементі және жарық аспаның 1 жиынтығы сәндейді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Отан қорғаушылар монументіндегі су бұрқақтардың орнына жарық диодты инсталяциялар орнатылады. Жарық фонтаны металл каркасының негізінде жасалады. Конструкцияның биіктігі 3,5 метрді құрайды. Жарықтандыру ақ және көк түсте болады.
Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнін мерекелегеннен соң ғана, яғни 18 желтоқсанда басталады. Ол мақсатта шаһарда 25 жаңа жылдық шырша, 12 хоккей алаңы, 15 мұз айдыны, 10 мұз төмпешігі, 2 мұз қалашығы («Astana ЕХPO-2017» Ұлттық компанясы» АҚ аумағында және Астана қалалық әкімдігі ғимараты алдындағы алаңда) бой көтереді. Бұған қоса 2 жарық панносы, 18 жарық иллюминациясы, 52 жарық иллюминациялық аркасы, 830 панель-кронштейн, 106 КСП, 5 көпір мен көлік жолайрығы орнатылатын болады. 3300 шағын және орта бизнес нысандарының қасбеті, 255 ағаш, 2 қала саябағы мен 1 гүлзар безендіріледі.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ақпаратына сәйкес, ШОБ кәсіпкерліктері өз еркімен қалада елуден астам шыршаны орнатады. Елордадағы «Керуен», «Рахмет», «Хан Шатыр», «Сарыарқа» сияқты ойын-сауық орталықтары шыршаларды орнатып, безендіру шараларын бастап кеткен.
Айта кетейік, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қаладағы жекелеген нысандардың Жаңа жылға дайындығы мен Тәуелсіздік күнін елеусіз қалдырғанына қатысты бірқатар пікірталас туындаған болатын. Осыған орай Астана әкімі өз ойын білдірді.
«Жаңа жылдық шыршаларды Тәуелсіздік күнін атап өткен соң, 18 желтоқсаннан бастап орнатамыз деп жоспарлаған едік. Кейбір жекелеген нысандар шырша орнатып, оны безендіре бастады. Бұған қатысты наразылық білдіргендер бар. Тәуелсіздік күні еліміздің басты мерекесі болғандықтан, басымдылық сол мерекеге беріледі. Шағын және орта бизнес нысандары қаланың мерекелік безендіруін қатаң ұстанатын болсын. Тәуелсіздік күнінде салтанатты және мерекелік шаралар өтеді. Оның арасында каратэ-киокушинкайдан Kazakhstan Open, үстел теннисінен «Seamaster 2017 ITTF World Tour GrandFinal» турнирі, «Күй Қайнары» VI күй тартыс, ҚР Тәуелсіздік күнінен арналған «Тәуелсіздігім – теңдігім, Егемендігім – елдігім!» атты жас ақындар айтысы, кітап көрмесі мен қазақстандық эстрада өкілдерінің қатысуымен дәстүрлі концерттер өтеді», — деді Астана әкімі Әсет Исекешев қалалық әкімдікте өткен аппарат жиналысында.
Сонымен бірге, елорда әкімі аудан әкімдері мен Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына шағын және орта бизнес өкілдеріне қаланы мерекелік безендіруге қатысты бекітілген жоспарын ұстану туралу түсіндірме жұмыстарын жүргізуге тапсырма жүктеді. Яғни, Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күні атап өткеннен соң ғана басталады.