Ақмолалық боксшы қыз әлем чемпионатында қола медальға ие болды

Ақмолалық боксшы қыз Жансая Балтабекова жастар арасында өткен әлем чемпионатында қола медаль еншіледі.

Жансая Балтабекова
©Өңірлік баспасөз

Жақында Үндістанның Гувахати қаласында өткен байрақты бәсекеге әлемнің 38 елінен барған 186 боксшы қыз қатысты. Оның ішінде Қазақстан құрамасы сапында болған ақмолалық Жансая Балтабекова да бар. Жансая Балтабекова 60 келі салмақ бойынша төрт кездесу өткізіп, үшеуінде қарсыластарынан басым түсті. Жерлесіміз алдымен жапон қызын 5:0 ұпайымен айқын басымдықпен ұтты. Кейін дәл осындай есеппен түрік қызын тізе бүктірді. Сондай-ақ, польшалық боксшыны да жеңіп жартылай финалға шықты.

Алайда, жартылай финалда жерлесіміз Әлем чемпионатының жүлдегері, Еуропа чемпионы  италияндық боксшы қызға есе жіберіп, жүлделі үшінші орынды місе тұтты.

Қазір жас боксшы қазды Қазақстан Республикасының Еңбегі сіңген жаттықтырушысы Александр Высоцкий мен  Олжас Сұлтанбековтар жаттықтырып жүр.

Айта кетейік, аталған бокс бәсекесінде жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медальмен үшінші орынға тұрақтады. Ал 5 алтын және 2 қола медаль иеленген алаң иелері Үндістан құрамасы командалық есепте көш бастап тұр. Одан кейін  қоржынында 2 алтын, 4 күміс жүлдесі бар Ресей құрамасы екінші орынға жайғасып отыр.