Үндістан — өте кедей мемлекет. Соған қарамастан, бай мен кедей арасындағы контраст көп. Жолдың бір шетінде ылғи зәулім ғимараттар болса, екінші жағында лашықтар салынған.

Бұнда 1 миллиард 300 миллион халық тұрады, бірақ әйелдердің саны өте аз. Орта есеппен 1000 еркекке 920 әйелден келеді екен.

Делиден Агра фортына бара жатқан жолда әріптес қыздардың бірі көз іліндіріп алу үшін автобустың терезесін жауып, пердесін түсіргені сол еді гид бірден ашып қоюын өтінді. Оның айтуынша, Үндістанның заңында автобустың пердесін бүркеуге тыйым салынған екен. Себебі бұрын елде автобустың пердесін бүркеп қойып, бірнеше еркектер әйел зорлаған фактілер тіркелген. Бұндай жағдай қайталана бергендіктен және соңғысы бүкіл әлемге таралғандықтан, билік тыйым салуға бұйрық шығарған. 1960 жылдардан бастап әйелдердің жағдайын жақсарту үшін түрлі заңдар қабылдап, санкциялар мен айыппұлдар, сыйақылар тағайындаған. Үндістанның кейбір штаттарында қыз тапқан әйелге сыйақы беріп, банкте шот ашып береді екен.

Акшардхам кешені

Акшардхам сарай кешені үнділердің ең үлкен штаттарының бірі — Гуджараттағы Гандинагар қаласында орналасқан. Ол діни сарындағы құрылыс қана емес, ғылыми-зерттеулерге арналған мәдени орталық. Оған құлшылық жасауға да, зерттеу жұмыстарымен айналысып, семинар, көрмелер ұйымдастыру үшін де баруға болады.

Акшардхам кешені
© biggags.com

Акшардхамның негізгі нышаны — бүкіл әлемге танымал болып кеткен Шваминараян құдайдың алтын жалатылған екі метрлік мүсіні. Ол Мурти деп аталады. Мүсін 6 мың тонна қызғылт құмнан салынған шіркеу павильонының дәл ортасында орналасқан.

Сонымен бірге мұнда Сараджананд Ван бағы мен зерттеу орталығы бар.

Хумаюн мавзолейі

Үндістанда түрік ескерткіштері өте көп. Себебі 16-19 ғасырларда Үндістанның оңтүстігінен өзге өңірлерінің бәрі Ұлы Моғол империясының құрамында болған. Солардың бірі — Бабыр ханның ұлы Хумаюнның кесенесі. Ол Нью-Делиде орналасқан.

Әйгілі Тəж-Махал осы кесененің үлгісімен салынған екен. Екеуінің сыртқы үлгісі, аумағы бірдей көрінеді. Тек Хумаюн кесенесінің күмбезі ақ мəрмəрдан болса, Тəж-Махал толығымен ақ мəрмəрдан салынған.

Кутаб Минар мұнарасы

Кутаб Минар мұнарасының биіктігі 70 метрден асады. Оның қабырғаларында үнді құдайларының бейнесі салынған, бірақ олардың бетін қашап, өшіріп тастаған. Сонымен бірге Құран аяттарын да кездестіруге болады. Гидтің айтуынша, оларда қате көп екен. Себебі оны салған құрылысшылар араб тілін білмеген көрінеді. Айтпақшы, бұл мұнара бір кездері обсерватория қызметін атқарған.

Агра форты

Агра фортында 2 миллион адам тұрады. Бұл — Үндістанның халық аз орналасқан өңірлерінің бірі. Бірақ туристер толастамайтын өлке. Сондықтан қонақ үй, мейрамхана өте көп. Адамдардың негізгі табыс көзі де — осылар. Адамдары өте жайдары, ақкөңіл.

Аграны «Қызыл форт» деп те атайды. Оның тарихы тым тереңде жатыр. Бес жүз жылдық тарихы бар фортты 1565 жылы Ұлы басшылардың бірі Акбар салдырып бастаған екен. Ол астананы Делиден Аграға көшірмек болған. Құрылыс жұмыстары тек 1571 жылы аяқталған.

Агра фортын әлемге әйгілі етіп тұрған тарихи құндылықтардың бірі — Тәж-Махал. Ол екеуінің арасы — 2,5 шақырым.

Тәж-Махал

Тәж-Маxал туралы әңгімені оның тариxынан бастайық.

17 ғасырда Аграда Арджуманд атты кішкентай қыз өмір сүреді. Бір күні ол түсінде қызық орамал көреді. Ертеңінде әжесімен бірге патша сарайында өтіп жатқан жәрмеңкеге алма сатуға барады. Сол жерде басына өзі түсінде көрген қызық орамалды байлаған ұлды көреді. Ол патшаның баласы Шаx Джаxан еді. Ханзада болса, Арджуманды көріп бірден ұнатып болады. Бірақ сол кездегі үнді заңына сәйкес, олар тек 5 жылдан соң қосылады. Қайын атасы Арджумандқа Мумтаз Маxал деп ат қояды.

Тәж-Махал
© Baribar.kz

Мумтаз Маxал Шаx Джаxанның ең сүйікті әйелі болады. Ол ханзадаға 13 бала сыйлап, 14-шісін босану кезінде қайтыс болған. Шаx Джаxан оған өзінің маxаббатының символы ретінде еш қайталанбайтын кесене тұрғызып беруді уәде етіп, Тәж-Маxалды салдырады.

Тәж-Махал ақ мәрмәрдан салынған. Ол тәуліктің әр уақытына байланысты түсін өзгертіп отырады. Сонымен бірге кесенені бағалы және асыл тастармен безендірген. Бірақ бүгінде қоршаған ортаның әсерінен мәрмәр сарғайып бара жатыр екен. Қазір оны арнайы әкпен жуып тұрады.

Амбер форты

Джайпур қаласы — Раджастхан штатының астанасы. Ол — Үндістанның «алтын үштағанының» бірі. Оған Дели, Агра және Джайпур кіреді.

Джайпурдың тағы бір атауы — қызғылт қала. Себебі ондағы барлық ғимарат қызғылт түсті. Оның неге бұндай түсте салынғаны туралы әртүрлі дерек бар. Солардың бірі — қаланы салдырған Джай Сингх екіншінің Шива құдайға деген махаббаты. Қызғылт Шиванің сүйікті түсі саналады. Тағы бір деректерге сүйенсек, Сингх қаланы салу кезінде Моғол билеушілерінің сарайларының түсін қайталағысы келген. Сонымен бірге қызғылт түс қонақжайлылықтың белгісі деген де ақпарат бар. Сол себепті 1876 жылы қалаға Эдуард жетінші келгенде қала қызғылт түске қайтадан боялған.

Амбер форты өзінің көркем стилімен, үндістер мен монғолдардың сәулеттік қалыптарының өзара үйлесімділігімен көз тартады. Фортқа жаяу да, көлікпен де көтерілуге болады.

1592 жылы салынған фортты кейбіреулер Амер деп те атайды. Оның атауы Амба құдай ананың құрметіне қойылған.

Қала сарайы

Джайпурдың тағы бір көркем жері — қала сарайы. Оның архитектурасы жүздеген жылдар бойы әлем назарын аударып келеді.

1729-2732 жылдары салынған сарай Каччава әулетіне тиесілі болған. Оны Савай Джай Сингх екінші салдырған, кейін 20 ғасырдың басында оның ұрпақтары сарайға өзгерістер енгізген. Оны Айна сарайы деп те атайды. Себебі қабырғасы толығымен мозаикалар мен айналармен безендірілген. Сарайдың ішінде шам жаққан кезде ол айналарға шағылысып, мыңнан астам шам жанғандай әсерге бөлейді.

Хава Махал

Джайпурдегі туристік нышандардың бірі. Ол — 1799 жылы жергілікті басшы Савай Пратап Сингх махараджаның бұйрығымен салынған гаремі. Ғимарат Кришнаның тәжінің пішінінде салынған және еркектің қуаты мен жанның табиғи жалынының нышаны саналады. Бұл жерде махараджаның барлық әйелі тұрған деген дерек бар. Махараджаның қызғаншақ болғаны соншалықты, терезелерден әйелдерінің бейнесі көрінбеуі үшін терезенің орнына адамның басының көлеміндей саңылаулар жасатқан. Бұл — сарайдың басты ерекшелігі. Бұл саңылаулар махараджаның әйелдерін жат көзден жасырып қана қоймай, сарайдың ішін желдетіп те тұрған. Сол себепті сарайды «жел сарайы» деп те атайды.

Үндістанға қалай баруға болады?

2004 жылдан бері «Эйр Астана» компаниясында Халықаралық «Алматы-Дели» әуе бағыты жұмыс істей бастады. Дәл осы уақытқа дейін аталған транзиттік әуе жолындағы жолаушылар ағыны шамамен 500 мыңнан асқан. Ал, осы жылдың 10 айында «Алматы-Дели-Алматы» бағыты бойынша жолаушылар саны 68 623-ке жеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға артық. Бұл бағыттың ұшу уақыты тым ұзақ емес. «Алматы-Делиге» дейінгі ұшу ұзақтығы 3 сағат 50 минут. «Алматы-Делиге» бір бағытта билет құны 80 620 теңге болса, «Астана-Дели» бағыты 80 472 теңге.

2016 жылдың қорытындысы бойынша Үндістан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 618 миллион долларды құрады. Екі ел арасында тауар айналымы ұлғайып, елімізден уран концентраттары, мұнай, асбест, болат, тұз, күкірт, әк, цемент, тері және қара металдар тасымалданған. Ал, Үндістаннан кофе, шай, дәмдеуіштер, темекі, пластмасса, резеңке, фармацевтикалық өнімдер мен механикалық жабдықтар импортталған. Қазіргі таңда Қазақстанда Үндістанның жүзден астам бірлескен кәсіпорыны жұмыс істейді. Осыған орай, 2014 жылы біз Қазақстанға 6 мың виза ашсақ, бұл көрсеткіш 2016 жылы 12 мыңға жетті, — дейді Үндістанның Қазақстандағы Елшісі. Айта кетерлігі, 2014 жылы елімізден Үндістанға сапарлаған жолаушылар саны 8 мың болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 18 мың адамға жеткен. Осылайша, жыл өткен сайын екі ел арасындағы жолаушы тасымалы арта түскен. Әрине, бұл жолаушылар қазақстандық әуекомпанияның күнделікті «Дели-Алматы-Дели» және «Астана-Дели» рейсі арқылы ұшып жатады. Анығында, Үндістан нарығы шексіз, сондықтан онда ұзақ уақыт жұмыс істеуге мүмкіндік мол.