Ауыр атлетика – зілтемірді бағындыру

Ойын баласы кезінде теледидардан Илья Ильин, Жасұлан Қыдырбаев, Алмас Өтешовтың зілтемірді көтергенін көргенде, менде солар сияқты ауыр атлет болуды қаладым. Уақыт өте келе дәл осы спортқа қызығушылығым арта бастады. Ауыр атлетикаға қазіргі бапкерім алып келді. Алматыдағы Шаңырақ ықшамауданының спорт мектебінде бесінші сынып оқып жүр едім. Бірде жаттықтырушымен жолығып қалып, маған: «Жаттығып, бағыңды сынап көрсең қайтеді?» — деді. Бұрын «Шаңырақ» спорт мектебіне барып жаттығып жүретінмін. Кейіннен Алматы қаласындағы Республикалық спорт колледжіне түстім. Оқуға түсуіме де бапкерім себепкер болды. Содан бастап спортқа мықтап ден қоя бастадым.

Ауыр атлетика — зілтемірді бағындыру. Ал зілтемірді бағындыру үшін де өзіңді бағындыру керек. Себебі қаншама мықты бол, жалқаулықты, өзіңнің бойыңдағы жаман әдеттерді жеңу темірді көтергеннен де қиын.

Сейітқазы Еламан
©Baribar.kz, фото авторы — Айгүл Хожантаева

2017 жылы Бангкокта ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты (17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында) өтті. Әлем чемпионаты — алғаш рет қатысқан халықаралық жарысым. Бірақ жүлделі орын ала алмадым. Бұрын соңды әлемдік жарыстарға шығып үйренбегендіктен қобалжу болды. Шетелдің климаты, адамдары, жейтін тағамдары да басқаша болған соң бізге бәрі бейтаныс орта болып көрінді. Осы алған тәжірбиеден кейін өзге ортаға тез бейімделуді үйреніп те кеттік.

Атлеттеріміз жарыстан жүлдесіз қайтпайды

Ауыр атлетикада төрешілер тарапынан әділетсіздіктер басқа спорт түріндегідей көп кездеспейді. Зілтемірді көтерсең болғаны. Кейде шынтақ ойнау саналмай кететін жағдайлар кездеседі. Бұл жерде әр адамның шынтағы әр түрлі болатыны ескерілуі керек. Жасөспірімдер арасында Қазақстан құрамасына басты қарсыластар АҚШ, Қытай және Иран елінің атлеттері. Біздің елде ауыр атлеттерді жоғары деңгейде дайындайды. Содан болса керек, атлеттеріміз жарыстардан жүлдесіз қайтпайды. Оқу-жаттығуларымыз көбіне Тараз қаласында өтеді. Өз арамызда бәсекелестік әр салмақта әр түрлі. Мәселен, бір салмақта Қазақстан ауыр атлетикасында мүлдем басты қарсылас болмауы мүмкін.

Сейітқазы Еламан
©Baribar.kz, фото авторы — Айгүл Хожантаева

Жарақат алу спортшының өзіне байланысты. Көбіне жарақаттарды денемізді дұрыс дайындамаған жағдайда аламыз. Спортшы оны тез қалпына келтіруге тырысса, ары қарай жаттығуды жалғастыра береді. Серпе мен жұлқа көтеру жаттығуын бастамас бұрын мойын, бел, иық, аяқтың бәрін қыздырамыз. Сонда дене жарақаты аз болады.

Залда рекордты көп жаңартамыз

Ауыр атлет болу үшін істеп жатқан ісін ұнату керек. Маған бұл спорт түрі қатты ұнайды. Спорттан бөлек футбол ойнағанды, ән айтқанды жақсы көремін.

Күнделікті күнтәртібіміз қайталанып отырады. Мәселен екі рет таңғы 8.00-де және 5.30-да жаттығуға барамыз. Жаттығу залында зілтемірді көп көтереміз. Өйткені жарысқа салмақты өзінің режимінде ұстап бару керек. Тиісінше залда рекордты да көп жаңартамыз. Қазір оқу пен спортты қатар алып жүруге тырысып жүрмін. Биыл мектеп бітіргелі жатқандықтан оқу бағдарламасынан қалмау керек.

Сейітқазы Еламан
©Baribar.kz, фото авторы — Айгүл Хожантаева

Темірді қалай да көтеремін деген мақсатпен шығамын

Жеңіске жету мен үшін ерекше сезім. Өзім қатты қуанған жеңіс — Қазақстан чемпионаты. Маған үміт артқандардың сенімін ақтағаным үшін өзіме риза болдым. Осы жарыстан чемпион болу үшін талмай еңбек ету керектігін түйдім. Жарыс алдында өз-өзіңді барлық жағынан дайындау керек. Босаңсуға болмайды. Жеңіп келе жатқанымды сеземін бе, тез ой мен күшті қайта жинауға тырысамын. Ауыр атлетикада жеңіске жету де, жеңілу де оңай.

Спортшы уақытының көп бөлігін бапкермен өткізеді. Сондықтан болар жарыс барысында бапкердің қолдауы ерекше сезіледі. Мәселен жаттықтырушым жанымда болса, өзіме деген сенім артқанын байқаймын.

Сейітқазы Еламан
©Baribar.kz, фото авторы — Айгүл Хожантаева

Салмақ болса күш болады. Күнделікті тамақтануда қатып қалған қағида жоқ. Тек ағзаға зиянды тағамдардан бас тартамын.

Қазіргі мақсаттарым ұзақ уақытқа жоспарланбаған. Әлем және Азия чемпионаттарында өзімнің бар қабілетімді көрсетсем деймін. Жоғары нәтижеге қол жеткізгім келеді.

Рауыл Тілектес ауыр атлетикадан спорт шебері, Еламанның досы:

Еламан екеуіміз бір залда жаттығамыз. Оның басқа балалардан бір ерекшелігі — қандай да бір істі бастаса, оны барынша тиянақты орындайды. Жарыстарда зілтемірді көтеруге беретін 6 мүмкіндікті де жібермеуге тырысады. Екеуіміздің салмақтарымыз әр түрлі болғандықтан ол бір күн ерте шығады. Сонда оның психологиялық, барлық жағынан жарысқа тап-тұйнақтай дайын отырғанын байқаймын.

Сейітқазы Еламан
Рауыл Тілектес — Еламанның досы. ©Baribar.kz, фото авторы — Айгүл Хожантаева

Айбол Құлбаев, жаттықтырушы:

2011-2013 жылдары аралығында Шаңырақ ықшам ауданындағы Республикалық интернатта жұмыс істедім. Сол кезде Еламан Әлішер (ауыр атлетикадан спорт шебері) есімді ағасымен интернатқа еріп келді.

Мықты балалар өзінің дене қалпысымен, жүріс-тұрысы және сөйлеген сөзімен ерекшеленіп тұрады. Еламаннан дәл осы қасиеттер көрінді. Ол тек маған ғана емес, барлық жаттықтырушыларға бірден ұнады.

Келген бойда өзін жақсы жағынан көрсетті. Үйреткен нәрселерді қиындықсыз тез қабылдап алатын еді. Сырттан жаттығуға келіп тұрады. Содан «Шаңырақ» спорт мектебіне түсірейік дегенімізде, бесінші сыныпты енді бітірген болатын. Ал Республикалық спорт колледжге жетінші сыныптан бастап қабылдайды. Содан бір жыл өткеннен кейін колледжге түсті. Аз уақыттың ішінде ол спорт шеберіне үміткер атанды. Кейіннен Қазақстан чемпионатынан 3-ші орын, 2016 жылы жасөпірімдер арасында Қазақстан чемпионатын ұтты. Әлем чемпионатынан 8-ші орын алды. Бұл да жаман көрсеткіш емес. Чемпионаттан кейін кішкене жарақаттары бар болған соң, демалыс бердім. Қазір қайта жаттығуларын бастады.

Еламанның келесі жарысы Бішкекте өтетін Қаныбек Османәлиев атындағы халықаралық турнирі. Жарыстан келген соң, 2018 жылы өтетін жастар арасындағы Қазақстан чемпионатына дайындалады. Егер іріктеуден өтіп жататын болса, Азия және әлем біріншілігінде жақсы нәтижелер көрсету жоспарда бар.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!