Коньки таңдағанда неге мән беру керек?

Қыс мезгілінде уақытыңызды тиімді пайдаланып, спортпен айналысып, қызықты уақыт өткізіп, денсаулыққа пайдалы іс жасағыңыз келсе, мұзда сырғанау спорты сізге арналған. Ең алдымен, мұзда сырғанауды жетік меңгеру үшін аяғыңызға киген коньки сапалы әрі ыңғайлы болуы керек.

Ең біріншіден, коньки аяғыңызға дәл болуы керек. Егер коньки тар болып, аяғыңызды қысатын болса, аяғыңыз тоңып, тартылып қалуы мүмкін. Коньки қатты болатындықтан, аяқты қысқаннан немесе қажағаннан түсетін жара ұзаққа дейін жазылмайды. Сондықтан, өзіңізге дәл коньки таңдап алған абзал.

Ал егер коньки аяғыңызға үлкен болса, тобықтың тайып кету ықтималдылығы артады. Коньки кигенде аяғыңыз ішке және сыртқа бүгіле бермеуі керек. Бұған да баса мән берген жөн.

Сәтті сырғанау үшін конькидің табаны дұрыс қайралған болуы керек. Жөнді қайралмаған конькимен орныңыздан қозғалу, сырғанау және дер кезінде тоқтау қиынға соғады. Дұрыс қайралмаған коньки тек өзіңізге ғана емес, мұз айдынына да зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан, егер өзіңіз білмесеңіз, арнайы маманға конькидің табанын тексертіп, қажет болған жағдайда қайратып алғаныңыз абзал.

Егер мұз айдынына алғаш рет шығып тұрсаңыз, мұз бетінде жақсы сырғанайтын жақыныңыздың немесе арнайы жаттықтырушы маманның көмегіне жүгінгеніңіз дұрыс. «Алдымен құлап үйрену керек» деген ереже әрине дұрыс. Алайда, құлағанның жөні осы екен деп айнадай мұздың бетінде қатты жарақат алып қалмаңыз. Бастысы, үйретуші айтқан ережелерді қатаң ұстанып, сабырлылық пен тепе-теңдікті сақтаңыз.

Коньки
©Poteha.net

Мұз үстінде конькидің ұшымен жүруге болмайды. Алғашында үйрену үшін бұл әрекетті жасап көруге болады, бірақ, әдетке айналдырмаңыз. Бұл мұз үшін де, сіз үшін де қауіпті.

Спорттық құрал-жабдықтар сататын дүкенге бара қалсаңыз, сізге конькидің екі түрін ұсынады. Бірі — мұз үстінде сырғанауға арналған, ал екіншісі — хоккей ойындарына арналған коньки. Аталған екі конькидің айырмашылығы — қорғаныс қабатына байланысты. Хоккей ойынына арналған конькилердің арнайы қорғаныс қабаты болады. Ол шайба немесе таяқтың тиюінен сақтап қалу үшін қызмет етеді.

Коньки тебуді үйренемін деушілерге кеңес: тік жүріп сырғанау құлап қалу қаупін жоғарылатады. Сондықтан, сырғанаған сәтте тізеңізді сәл бүгіп жүруге дағдыланыңыз. Тіпті, құлап немесе шалынып бара жатсаңыз, жерге қарай еңкейіп, отыруға тырысқан жөн. Себебі, осылайша мұз бетіне жеңіл құлайсыз. Конькимен сырғанағанда айнадай боп жылтырап жатқан мұзға қарамауға тырысыңыз. Бұл сенімсіздік пен қорқыныш тудыруға әсер етеді.