Банкноттың дизайны айналыстағы «Қазақ Елі» сериясының ақша белгілерімен бірыңғай стильде – бет жағында басым түрде тігінен бейнелер, ал сырт жағында көлденең түрінде бейнелер орындалған. Басым түсі – көгілдір-көк. Банкноттың өлшемі – 130х62 мм.
Банкноттың бет жағы
Негізгі бейнелер – банкноттың оң жағындағы «Қазақ Елi» монументі және ортасында төменгі бөлікте ұшып бара жатқан көгершіндер.
Жоғары бөлігінде ортасында және сол жағынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері: мемлекеттік елтаңба және мемлекеттік ту бейнеленген. Сол жақта төменде және жоғары жақта номиналдың цифрлық бейнеленуі, сол жақта ортасында номиналдың мемлекеттік тілдегі әріптік бейнеленуі орналасқан. Жоғары сол жақ бұрышында «Қазақстан Ұлттық банкі» деген жазба, оның астында қолдан жасағаны үшін жауапкершілік туралы ескертетін «Банкноттарды қолдан жасау заңмен қудаланады» деген мемлекеттік тілдегі жазба орналасқан.
Банкноттың сырт жағы
Негізгі бейнесі – Каспий теңізі, оның артында – Қазақстан картасының бейнесі. Сол жағында төменде және оң жағында жоғарыда банкнот номиналының цифрлық бейнеленуі, ал төменде ортасында – орыс тіліндегі әріптік бейнеленуі орналасқан. «Подделка банкнот преследуется по закону» деген жазба банкноттың сол жақ бұрышында орналасқан.
Айта кетейік, 500 теңгелік банкноттардың 2006 жылғы және 2017 жылғы үлгідегі түрлері 2020 жылғы 10 маусымына дейін қатар қолданыла береді және төлемдер мен ақша аударымдарының барлық түрлері бойынша қабылдануға міндетті.