Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Асылбековтың айтуынша, тарифтерді есептеу әдістемесіне сәйкес тасымалдаушылардың шығыны 10%-ға артқанда және кіріс көлемі 15%-ға төмендеген жағдайда тасымалдаушы кәсіпорындар жолақыны қымбаттату жөнінде ұсыныс білдіре алады.
«Елімізде қоғамдық көлікте жүру жолақысының орташа бағасы – 79 теңге. Бүгінде елімізде 15 қаланың бесеуінде жолаушыларға арналған жеңілдіктер қарастырылған. Солардың ішінде ең көп жеңілдікті Павлодар ғана ұсынады. Бүгінде 15 әлеуметтік топтың өкілдеріне жеңілдіктер жасалған. Жолақының қымбаттауының бірнеше себебі бар. Біріншіден, қаладағы автобус паркіне қатысты көліктердің барлығы дизель отынымен жүреді. Өткен жылғы тамыз айынан бері жанар-жағармайдың бағасы литріне 102 теңгеден, 160 теңгеге қымбаттаған. Екіншіден, шаруашылық шығындар 15%-ға артқан» — дейді Марат Асылбеков.
Бүгінде облыс орталығында 35 бағыт бойынша 159 ірілі-ұсақты автобус жолға шығады. Сонымен қатар, 9 маршрут бойынша 77 трамвай жолаушы тасымалдайды. 260 мыңға жуық халық күнбе-күн қоғамдық көліктің қызметіне жүгінеді.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодарлық мектеп оқушылары мен студенттер қоғамдық көлікте тегін жүрмек. Павлодар оқушылар мен студенттерге қоғамдық көліктерде тегін тасымалдайтын жеңілдік жасаған еліміздегі алғашқы қала атануы мүмкін.