Шараға қатысушыларды алдымен БҚО жастар ресурстық орталығының жетекшісі Миржан Әбілқас құттықтап, әділ де тартысты бәсеке тіледі.
Ойынның басты мақсаты — мүмкіндігі шектеулі жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және өзін танытуға жәрдемдесу, қоғамға мүгедектерді етене араластырудың тиімді тәжірибесін қолдану, интеллектуалдық зердесін дамыту болды.
Шараға жергілікті жастар ұйымдарының мүшелері мен жетекшілері, облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары, Облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары, «Арба» қоғамдық бірлестігінің мүшелері және Қазақ саңыраулар қоғамы БҚО филиалының есебінде тұрған мүмкіндігі шектеулі жастар қатысты.
«Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азат Сейтімов атап өткеніндей, викторинада 14 пен 29 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі жандар өз бақтарын сынады. Сайыстың өзі 4 кезеңнен тұрып, жастарға тарих, математика, қоғамтану және басқа да пәндерден тапсырмалар берілді. Жастар өздерінің білім-біліктерін, қырағылығын, логикалық ойлау деңгейлерін көрсетуге тиіс болды.
Сайысқа белсене қатысқан облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының шәкірті Алексей Нұрғалиев өзінің алған әсерімен бөлісті.
Мен елімізде және шет елдерде өтетін түрлі байқауларға жыл сайын қатысып жүрмін. Бүгінгі викторина сайысы маған қатты ұнады, өте қызықты өтті. Алдағы уақытта осындай сайыстарға тұрақты түрде қатысуға тырысамын, — деді ол.
Аталмыш мектеп-интернаттың мұғалімі Надежда Ветрованың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі ұландарға арналған байқау, конкурстар аса пайдалы. Олар балалардың мектептен тыс жерлерде қабілет-қарымын толық ашуға мүмкіндік береді. Сайыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар тапсырылды.