1995 жылдың 1 наурызында елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды және 2015 жылы Ассамблеяның жиырма жылдығын мерекелеу аясында Мемлекет басшысы бұл күнді халықтардың бір-біріне және қазақтарға көптеген халықтар елге күштеп қоныстандырылған кезде төзімділік пен қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс білдіре алатын күн деп жариялауды ұсынды.
Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің баласындай ғұмыр кешуде. Қазақстан — азаматтық келісімді, түрлі мәдениеттер пен діндерді тоғыстырған көпұлтты, зайырлы мемлекет.
Бұл күні Астанада көптеген шаралар ұйымдастыру көзделіп отыр. Ұлттық ұлан әскері қолбасшылығы Алғыс айту күніне тақырыптық кеш өткізгелі отыр. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Мұражайға кітапты сыйға тарту» шарасы өтеді. «Керуен» сауда ойын-сауық орталығында «Қазақфильм» студиясы шығарған «Анаға апарар жол» фильмінің премьерасы өтпек.
Сондай-ақ осындай мәдени-бұқаралық шаралар еліміздің барлық облыстары мен түпкір-түпкірінде өтеді.