Қостанайда 120 адамға жаңа пәтердің кілті табысталды

Бүгін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалының директоры Дәурен Саудабаев банк клиенттеріне пәтер кілтін тапсырды.

«Жаңа үйдің иесі болып отырған бұл азаматтар бірнеше жыл бойы тұрақты түрде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарына табысының бір бөлігін салып тұрды. Ал бүгін үміттері ақталып отыр. Мемлекеттің қолдауының арқасында олар 1 шаршы метрінің бағасы 136 000 теңге болатын қолжетімді баспанаға қол жеткізе алды. Мұндағы бір бөлмелі пәтердің бағасы орта есеппен 5,5 млн теңгенің айналасында. Ақшаның бір бөлігін салымшылардың өздері жинағанын атай кету керек. Жетпейтін соманы банк жылдық мөлшерлемесі 5% болатын несие түрінде берді», — деді Дәурен Саудабаев.

Жаңа баспана иелеріне арнап бірден екі үй пайдалануға беріліп отыр. Нысандар «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында жергілікті атқарушы органдар бағыты бойынша салынған. Пәтерлердің 50%-ы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) салымшыларының арасында бөлістірілді, ал қалған 50%-ы әкімдікте үй кезегінде тұрған адамдарға берілді.

Пәтерлі болғандардың бірі – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы Айнұр Таусоғарова. Жасы 32-де, бюджеттік мекемеде жұмыс істейді, 6 жасар қызын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр.

«Өткен жылы банк салымшысы атандым. Соған дейін жинап үлгерген ірі көлемдегі ақшамды бірден депозитке салыдм. Мүмкіндігінше пәтер сатып алушылар пулына қатысып тұрдым, — дейді Айнұр, — бұған қоса жергілікті әкімдікте тұрғын үй алу кезегіне тіркелдім. Бүгін, міне, жаңа үйге кіруге дайындалып жатырмын. Бір бөлмелі пәтердің иесі атандым! Әрине, алдағы 10 жыл бойы заем бойынша төлем жасап тұру керек. Ай сайынғы төлеу керек сома менде 37 000 теңгені құрады, бұл қазіргі жалдамалы пәтерімнің ақысынан аз».

«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында берілетін пәтерлерді банк салымшылары тұрғын үй, аралық және алдын-ала заемдарының есебінен сатып ала алды. Олар бойынша жылдық несие мөлшерлемесі 3,5-5% аралығында болды. Мемлекеттік бағдарлама талабы бойынша, несие алу үшін ТҮҚЖБ шотында тұрғын үй бағасының кем дегенде 30%-на тең сома жинау керек еді.

Бүгінгі күні аймақтың 43 000 тұрғыны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде үй аламыз деп ақша жинап жатыр. Қазір олар 1 шаршы метрінің бағасы 128 000 теңге болатын құны төмендетілген үй алу мүмкіндігін де пайдалана алады. ТҮҚЖБ 9 үйдегі 400 пәтер бойынша үміткерлердің қосымша тобын қабылдауда. Нысандар туралы толық ақпаратты baspana.kz порталынан білуге болады.