Жуырда біреулер: «Қазақтың 30 пайызға жуығы ғана өз ана тілін білмейді екен», – деп күрделі проблеманы жұмсартпақ ниет танытты. Бұл – рухсыздық. Ащы шындыққа тура қарау және оның шешімін табуға тырысу – ортақ міндетіміз.
Ұлтқа, тілге қарсы шыққан адамдардың бәрінің тағдыры трагедиямен бітеді.
Ұлтты да, тілді де Құдай жаратқан. Ендеше оған қарсы бағыт ұстау, тікелей Құдайға қарсы шығумен пара-пар іс болары даусыз. Сол үшін туған ұлтының тілінде сөйлеуге намыстанатын ұлтсыздануға, мәңгүрттенуге бет бұрған қандастарымызға, олардың тағдырын қауіпті өзгеріске бұратын, осы ерекше маңызды мәселені ескертуді өзіме азаматтық борыш санаймын.
Жүз жерден үлкен ғалым болсын, жазушы, ақын болсын, ол адам өзінің шындығын жоғалтып алса және елдік, ұлттық мүддеге тамыр жібере алмаса, қаймықса, мен үшін ол адамның құны көк тиын.
Жастар шындығын жоғалтпауы керек. Жастарымыздың бойында «ұрықсыздық» дерті қаптап бара ма деп қорқамын.
Қазіргі жастар 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне шыққан қайсар, батыл жастар емес. Өйткені жастардың көпшілігі рухсыздық деңгейінде тәрбиеленді.
Менің мақсатым да, ұстанымым да – намысымызды аяққа таптатпау!
Әр адамның ата-бабасы мен ұрпағының арасында байланыс жүріп жатады. Адам өз ана тілінде ойлауды, сөйлеуді тоқтатқан кезде, байланыс шорт үзіледі де, рухани мәңгүртке айналады. Космополит деген ұғым бар. Ол «әлем адамы» деген мағына береді. Ал сіз тамырсыз ағашты, тамырсыз гүлді көрдіңіз бе? Барлық тіршілік иелерінің түп-тамыры бар. Космополиттерге тамырдың керегі жоқ, олар бірден әлем азаматы бола салғысы келеді. Ондай оңай жол жоқ. Сол үшін де олар өз ұлтының толыққанды перзенті емес, мүгедектері, мәңгүрттері деп атар едім. Құдай мәңгүрттіктен сақтасын.
Бойыңда сырқатың болса, өз кешіңе өзің қатыса алмайтын күн де туады екен.
Мен билік тарапынан ешқандай атақ та, ілтипат та дәметпеймін. Халқым бар – байлығым сол!
Астананың Конгресс Залын да өз қаражаттарына жалдап, менің щығармашылық кешімді ұйымдастыратын жанкүйер азаматтардың ықылас-пейілдеріне, азаматтығына ризамын.
Отан – біздің ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына еткен қызметтен атақ-даңқ дәметпеу керек. Отан да өзіне қызмет еткен ұлдарын еңбегіне сай марапаттап отыруы шарт, бірақ ол әділетті болуы керек.
Менің анам 13 құрсақ көтерген адам. Сол балаларының барлығы шетінеп, мен ғана тірі қалғанмын. 12 баласын жоғалтса да, мойыған емес. Неше балаң бар дегенге: « Менің 3 балам бар, үлкені – Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кішісі – Мұхтар Шаханов» , – деп жауап беретін.
Мен бар-жоғы 7 сыныпты бітірген адаммын. 6-сыныпты бітірген 3 ай жазғы демалыста колхоздың қойын бағып, еңбекке араластым. Келесі 7-сыныпты бітіре салысымен трактор жүргізушісі болып орналастым. 10-сыныпты да, институтты да сырттай оқып бітірдім. Сондықтан, менде жастық шақ та, студенттік өмір де болған жоқ.
Шәмші де, Төлеген де менің анамды өз аналарындай көретін. Шәмші бірнеше жыл қатарынан біздің үйде тұрды. Ал Төкең, Төлеген Айбергенов, екеуміз аға-інідей болдық.
Желтоқсанда 5 комиссия жұмыс істеді. Комиссияның міндеті – биліктің мүддесін ақтап қалу болатын. Кейін мен қарсы шықтым. Борис Ельцин болмағанда, желтоқсан оқиғасы ашылмаған болар еді. Горбачевпен кейіннен бір жолыққанымызда маған тісін қайрап, «сенің аузыңды жабатын мүмкіндік табамыз» деді. Егер мен сол кезде ортаға Ельцинді қоспағанымда, Горбачевтің тісі маған оп-оңай өтетін еді. Борис Ельциннен қорыққанынан ғана 2-комиссия құруға мәжбүр болды.
Бүгінгі жазушылардың көпшілігін, тіпті 90 пайызын танымайды екенмін. Ішінде өзім білетін сотта істейтін, тағы да бір басқа салада істейтін адамдарды көрдім. Не ғып жүрсің мұнда десем, мен де Жазушылар одағының мүшесімін ғой дейді. Бұл қалай, мен сенің ештеңеңді оқыған жоқпын ғой деймін. Естуім бойынша, пара беру арқылы мүше болады екен. Мен ол одақтың басшылығына таласып отырған жоқпын. Маған оның түкке де керегі жоқ. Бірақ, елдік, ұлттық мүддеге бас қатырмаған соң, оның несі жазушы, несі ақын? Кімге керегі бар онда оның?
Егер мен 1989 жылы орыстың тілі қазақ тілімен бірге мемлекеттік тіл боп кеткен кезде басқа депутаттар сияқты үндемей отыра бергенімде, билікке ашық түрде қарсы шығып, бүкіл елді көтереміз, мұның соңы 2-ші желтоқсан болады демегенімде, билік амалсыздан қайта қарамағанда, не болар еді? Қаулы қабылданып кетті, оны өзгерту түгіл, қайта дауысқа салудың өзі мұң болатын. Егер сонша жанұшырмағанымызда, орыс тілі мемлекеттік тіл болып қала берер еді. Менің жындылығымның арқасында ғана қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қалды.
Біз ойланбасақ, жағдайымыз қыл үстінде тұр. Еуразиялық одақты тоқтатпасақ, өте қиын жағдайға тап боламыз.
Қазір мемлекет басындағы адамдардың 80 пайызға жуығы өз ана тілінде оқи да, жаза да алмайды. Мәңгүртке айналған. Ал оларды біз апарып, құрметтеп, шенді қызметке қоямыз. Соның салдарынан дәл бүгін қазақ халқының 60 пайызға жуығы өз ана тілінде оқып, жаза алмайды.
Менің әлемдік деңгейде абыройым үлкен. Ал өз елімде ұлтты, тілді қорғаймын деп халық жауы болып отырмын.
Атың өзгерсе, тағдырың өзгереді дегенге сенемін.
(«Жастар үні» журналы, 2013 жыл)