Жыл сайын өтетін теңбіл доп жарысының биылғы турнирі белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдық мерейтойына арналды.
Жүлде қоры 2 млн теңгені құраған турнирге биыл Франция, Германия, Түркия, Иран, Ресей, Монғолия, Қытай және Өзбекстанда тұратын қандастарымыз және еліміздің әр облысынан қазақ жастары қатысты.
Ойынның бірінші күнгі қорытындысы бойынша, екінші кезеңге «Қазақ Стамбұл» (Түркия), «Әмір» (Ресей, Саратов қаласы), «Байөлке» (Моңғолия), «Дастан» (Иран), «NFC Kazakhstan Павлодар» (Қазақстан, Павлодар), «Бірлік-Керуен» (Алматы), «Ғафур» (Алматы), «Алатау» (Алматы) футбол командалары (ФК) жолдама алды.
Екінші күнгі ойында жартылай финалда «NFC Kazakhstan Павлодар» мен «Әмір» ойнап, 4:1 есебімен «NFC Kazakhstan Павлодар» финалға шықты. Ал «Бірлік-Керуен» мен «Байөлке» арасында болған ойында 6:1 есебімен «Бірлік-Керуен» финалға өтті.
Үшінші орынға таласта «Әмір» ФК «Байөлке» ФК-ны жеңіп, 300 мың теңгені қанжығасына байлады. Ал «Байөлке» ФК-на 200 мың теңге сыйақы берілді.
Ал финалға шыққан «Бірлік Керуен» мен «NFC Kazakhstan Павлодар» арасындағы ойын 3:2 есебімен аяқталып, «ER JANIBEK CUP-2017» халықаралық турнирінің кубогіне және 1 млн теңге қаржылай сыйақыға «Бірлік Керуен» ФК-сы ие болды. «NFC Kazakhstan Павлодар» командасына 500 мың теңге сыйақы берілді.
Бұдан бөлек, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының тағайындауымен үзік ойын көрсеткен «NFC Kazakhstan Павлодар» ФК-ның ойыншысы Асқар Ажиков «Сұрмерген», «Қазақ Стамбұл» ФК-ның ойыншысы Жанер Ахмет Бозқұрт «Үздік шабуылшы», «Әмір» ФК-ның қақпашысы Руслан Маштаков «Үздік қақпашы» және «Намыс» ФК-ның (Ресей, Омбы) ойыншысы Нурахмет Нигманов «Үздік қорғаушы» номинацияларын жеңіп алды.
Сондай-ақ, Тұрсынбек Кәкішев атындағы арнайы «Елдік рух» сыйлығы Франциядан келген «Parij Kazakh sport» ФК-ға және Қырғызстаннан келген «Алаш» ФК-ға берілді. Алыстан ат арытып келген қазақ командалары турнирдің жабылу салтанатында қоғамдық қорға және ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
«Бар өмірін қазақ әдебиетіне арнаған Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдығына арналған «Ер Жәнібек» халықаралық қорының футбол турнирі құтты болсын. Бізді «шетелдегі қандастарымыз» деп бауырына басып жатыр. Сондықтан Франция қазақтары атынан осы шараны ұйымдастыруға ат салысқан барлық азаматтарға алғыс айтамыз», — деді Париждегі қазақ мәдени орталығының және «Parij Kazakh sport» ФК жетекшісі Тәбәрік Доолу.
Жеңімаз командаға кубок тапсырған «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркия сөз соңында: «бүгін «Ер Жәнібек» қорының халықаралық турнирі қазақтың ғалымы, абызы Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың 90 жылдығына арналып отыр. Алыстан ат арытып, осындай турнирге қатысуға келгендеріңіз үшін шексіз рахмет айтамын. Келесі турнирде кездескенше», — деп барлық қатысушы командаларға алғысын білдірді.
Жарқын Жаналтай