Күн сайын әлемде 20 мың жасөспірім қыз дүниеге сәби алып келеді. Қазақстанда Еуропа мемлекеттерімен салыстырғанда, жасөспірім шағында босанатын қыздар саны алты есе көп. Мерзімінен ерте жүкті болған қыздар мектепті тәмамдай алмайды, сәйкесінше ары қарай білімін жалғастырмайды. Жыл сайын әлемде баланы дүниеге әкелер сәтінде 70 мың жасөспірім қыздың өмірі қиылады. Жасөспірім ана баласының өлімі ересек аналардікімен салыстырғанда 50%-ға артық.
2017 жылдың жаз айында әнші Ақмаржан Көшербаева еліміздегі актуалды мәселелердің бірі, ерте жүктілік, қауіпті түсік пен суисидке қатысты жаңа туындыны жарыққа шығаруға шешім қабылдайды. Жаңа бастаманың нәтижесінде танымал ақын Шөмішбай Сариевтің «Қыз тағдыры» атты өлеңіне ән жазылды. Әннің авторы — композитор, Нұрлан Қаражігітов.
— Қазіргі қыздар — біздің ертеңіміз. Ұлы Мұхтар Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», — дейді. Жасөспірім қыздарымыздың болашағын бүкіл қоғам болып, ел, отбасы, мемлекет болып қорғауымыз керек. Осы іске ат салысып жүрген азаматтар мен азаматшаларға алғысым шексіз. Ал Ақмаржан Көшербаева — осы жауапкершілігі мол жолда күресіп жүрген қайраткерлердің бірі, — деп лебізін білдірді ақын Шөмішбай Сариев шара барысында.
Жоғарыда келтірілген мәліметтерге жаңа бейнебаяны үшін Ақмаржан Көшербаева UNFPA #HerFuture кампаниясы арқылы қол жеткізген. Қазіргі таңда әнші UNFPA қорының ресми спикерлерінің қатарында.
«Қыз тағдыры» бейнебаянның режиссері — Катерина Суворова. Режиссер көпшілікке Арал теңізі жайында түсірілген «Sea Tomorrow» деректі фильмімен танымал.
Аталмыш жобаның ақпараттық қолдаушысы — The Steppe (the-steppe.com) онлайн-журналы. «Қыз тағдыры» жобасы аясында сайтта herfuture.the-steppe.com субдомені пайда болады. Алдағы уақытта мұнда жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығына қатысты пайдалы ақпараттар жинақталады деп жоспарланып отыр.
PechaKucha форматында өткен шара барысында The Steppe журналының бас директоры Зaуре Розмат, UNFPA қорының кооридинаторы Ғазиза Молдақұлова, «Ана үйі» қоғамдық қорының координаторы Аминат Джаппуева, «Кеңес» реабилитациялық орталығының директоры Майра Мағауянова сөз алып, маңызды мәселелерді көтерді.