Сәуле Жолдаяқова
Сәуле Жолдаяқова

Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ – ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания.

Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде оқып жүріп, «Болашақ» бағдарламасына тапсырдым. Жолым болып, Жапонияға оқуға аттандым. Мұнда жүргеніме биыл — сегізінші жыл. Эколог мамандығын төрт жыл бойы Токай университетінде меңгердім. Дипломдық жұмысымды ары қарай жалғастыруыма ұсыныс түсті. Басқа да шәкіртақыларға мүмкіндік бар екенін байқағаннан кейін, «Болашаққа» айтып, магистратураны осы жақта оқитын болып шештім. Магистратурада оқып жүріп, маған ғылыммен айналысқан ұнайтындығын аңғардым. Зерттеу жұмысымды жүзеге асыру үшін докторантураға да түсуім керек болды. Сөйтіп тағы бір шәкіртақыны ұтып алдым (күледі). Биылдан бастап ғылым және технология мамандығында оқып жатырмын.

Сәуле Жолдаяқова

Жапония неліктен шетелдік студенттерге жағдай жасап жатыр?

Егер сенің талапты, дарынды екендігіңді байқаса, жапондар білім алуыңа мүмкіндіктер береді. Қазір Жапония қоғамында қарттар саны жастар санынан әлдеқайда көп. Мемлекетте бала туу көрсеткіші төмендеп кеткен. Елдің экономикалық күші жастарда, сол себепті Жапония шетелдік жастардың осында қалуына оңтайлы шаралар жасап жатыр.

Жапон жастарынан ерекшелігіміз: біз ана тілімізді, орыс, ағылшын, жапон тілін білеміз. Мұнда келіп, жапон студенттерінен көңілім қалды. Өйткені бала кезімнен менде «олар өте ақылды» деген стереотип қалыптасқан еді. Қазіргі уақытта оларға барлық жағдай жасалған. Дайынға ет үйретудің зияны әрине аз емес.

Менің профессорымның кезіндегі жастар — екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Жапонияның аяққа тұруына үлес қосқан адамдар. Ол кісілердің көзқарасы көбінесе біздікімен сай келіп жатады. Біз де ертең елімізге барып, оның дамуы жолында еңбек еткіміз келеді.

Соғыстан кейінгі Жапонияның идеологиясы «бар күшті ғылым мен білімге арнау» болған. Оған дейін, орта ғасырларда, жапондар өздерін «күн құдайынан жаралған» халықпыз деп есептеп келген. Осы идеологияға қатты сыйынғандықтан, олар Азияда құл болмаған, керісінше Корей, Қытай мемлекеттерін отарға алуға тырысқан, АҚШ-қа да соғыс ашқан. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жеңілісті мойындау жапондарға қиындау болды. Император да күшін жоғалтып алды. Сол себепті Жапония өзінің мықты ел екендігін мойындататын бірден-бір жол ғылым деп ойлап, бағытты осы арнаға бұрған.

Сәуле Жолдаяқова, жас ғалым, ЖапонияСэнсейімнің замандастары осы үрдіс кезіндегі студенттер еді. Сол уақыттарда университеттер көптеп салынды. Қазір де олардың саны өте көп. Алайда онда оқитын жастардың саны кеміген. Сондықтан Жапония шетел студенттерін өздеріне тартып, қабылдап жатыр. Кей сабақтарды ағылшын тілінде өтеді. Бұл да — шетелдік жастарды қызықтырудың бір тәсілі.

Жапониядан Қазақстан үшін қандай мүмкіндікті байқадым?

Бірінші, екінші курста жалпы экологиялық проблемалар туралы оқып, білдік. Үшінші курста бізді нақты бір саланы таңдау үшін лабораторияларға бөлді. Менің таңдаған тақырыбым “қоқысты қайта өңдеу”, “баламалы энергия көздері” саласына байланысты болды. Лабораторияға кірген кезде сутегі газын қолданатын экспериментті көрген болатынмын. Сутегі элементі әлемде ең көп тараған элемент болғанымен, сутегі таза күйде кездеспейді. Мысалы оны электролиз әдісі судан сутегі мен оттегіні бөлу арқылы алуға болады. Сутегіні отын элементінде қолданғанда жылу, ток және ең соңында қайтадан су шығады.

Сәуле Жолдаяқова, жас ғалым, ЖапонияӘлем бойынша сутегі энергиясының зерттелу көрсеткіші жоғары емес. Сутегіні “жанғыш ауа” деп те атайды. Менің зерттеу жұмысым сутегіні тиімді, қауіпсіз, арзан жолмен пайдалану бағытына арналады. Сутегіні сақтау қауіпті. Бұл процесті сұйық немесе газ түрінде орындауға болады. Бұлар – экономикалық тұрғысынан тиімсіз жолдар. Қатты күйінде, яғни сутегіні арнайы металдар қоспасына сіңірту арқылы да сақтауға болады. Алайда ондай қоспалар өте қымбат және сирек металдардан жасалады. Зерттеуімде сондай металдарға сай келетін қасиеті бар арзан металды табуды көздеп отырмын. Меніңше, ондай металл Қазақстанда бар. Бұл – тек біздің еліміз үшін ғана емес, әлем үшін маңызды саланың бірі.

Хромның әлемдегі ең көп қоры Қазақстанда, марганец екінші орында, ал титанның әлемдегі өндіру көрсеткішінің 20%-ы біздің елдің үлесінде. Осы үш металдардың қасиеттерін ескергенде, бұлардан бізге қажетті қоспа шығаруға болатындығын байқадым. Қазіргі уақытта идеалды пропорцияны анықтап жатырмын.

«Сутегімен жүретін машиналар шығарылып жатыр»

Жапонияның энергиямен өзін-өзі қамту көрсеткіші 6%, ал Қазақстандікі — 200%. Біз экспорттасақ, олар керісінше импортқа жүгінеді. Шетелге тәуелді болмас үшін, Жапония жаңа технологияларға, соның ішінде сутегіге көңіл бөліп жатыр. Токио-2020 Олимпиадасына дейін сутегі қоғамының моделін жасамақшы. Қазір сутегімен жүретін машиналарды Toyoto, Nissan, Honda компаниялары шығарып жатыр. Бұл автокөліктердің бағасы қарапайым адамдардың қалтасына салмақ түсіреді. Сондықтан мемлекет тарапынан арнайы субсидиялар бөлініп, сутегі станциялары салынып жатыр. Қазіргі уақытта мұнда 80-ге жуық сутегі станциялары жұмыс істейді.

Бұл сала әлі зерттелмегендіктен, нөмірі бірінші мемлекет анықталмады. Жапония осы орыннан табылуға тырысып жатыр. Егер Жапония осы элементтің тиімділігін көрсететін болса, олардың технологияларына деген қызығушылық оянады.

Тoyota-Мirai автокөлігі
Сутегімен жүретін Тoyota Мirai автокөлігі. «Мirai» жапон тілінен «болашақ» деген мағынаны білдіреді.

Қазіргі уақытта әлем балама энергия көздерін қолдану саласына еніп келеді. Алайда күн, жел энергиялары табиғатқа тәуелді, тұрақсыз. Бірсе күн ашық, біресе бұлтты, кейде қатты жел, кейде баяу. Ал сутегі тұрақты энергия көзі бола алады. Сондай-ақ күн, желден алынған энергияны сутегі арқылы сақтауға, қолдануға болады. Литий-ионды аккумулятор сияқты батареялар энергияны сақтау көзі ретінде қазір танымал, алайда оларда сақталатын энергия мөлшері, тығыздығы, сақтау мерзімінде шектеулер көп.

Осыдан 20 жыл бұрын күн энергиясын алатын панелдердің бағасы қымбат болған, қазір баға едәуір төмендеді. Болашақта сутегі энергиясын қолдану да қолжетімді деңгейге жетеді деп ойламын.

Жапониядағы профессор, кеңесшімнің бірі сутегімен айналысады. Жақында ғана жобасы Жапонияда мойындалды. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі қолдап, мемлекет тарапынан қаржы бөлді. Енді қоспалар жасайтын әлемдегі алғашқы зауыт салынады. Бұл жетістік үшін 40 жыл қажет болған.

Сәуле Жолдаяқова, жас ғалым, Жапония2020 жылы Отанға қайтамын деп жоспарлап отырмын. Елге келіп, жобамды бірден жүзеге асыруға кірісемін. Дегенмен, сенімсіздік жоқ емес. Себебі «Қазақстан сутегіге қаншалықты қызығушылық танытады?» деген сұрақтың жауабын білмеймін.

Достарымның көпшілігі «Не үшін әлі күнге дейін осы зертханада жүрсің?» деп сұрайды. «Қазақстанда сутегі қоғамын жасағым келеді» десем, «сенің арманың тым биік, бұл оңай емес», — дейді. Ештеңеге оңайшылықпен қол жеткізе алмайсың әрине. Бірақ мен мақсатыма жету үшін еңбектеніп жатырмын.

Жобам туралы ұнамайтын пікір естігенде…

Маған қасымда жүрген достарым, жақындарым мотивация береді. Тарихта атын қалдырған тұлғалар, соның бірі Илон Маск та мені жігерлендіреді. Ол жайлы шыққан әрбір ақпаратты, жеке сұхбаттарын қалдырмай оқып жүремін. Илон Масктың қазіргі мақсаты — Марсты колониялау. Бұл да оңай емес. Қарапайым адам мұндай қадамға, мұндай үлкен арманға аяқ баспас еді. Меніңше, адам шынымен қаласа, соның жолында қызмет етсе, орындалмайтын арман жоқ.

Сәуле Жолдаяқова, жас ғалым, Жапония

Таныстарыма сутегі туралы айта бастасам, «сен қиялға көп берілме, сутегі деген не ол?»- деп те жатады. Бірақ мен осы жобаны бастадым, болашағын көремін, соңына дейін апарамын деп сенемін. Жапондардан үйреніп келе жатқан қасиетімнің бірі де осы шығар. Олар кез келген істі соңына дейін жеткізгенше еңбектене береді.

«Зертханада қонатын кездерім болады»

Зертхана менің үйім сияқты. Таң атқаннан қарайған кешке дейін осында боламын. Зерттеуімнен бөлек, докторант болғандықтан осындағы магистранттарға, студенттерге бас-көз болып жүруім керек. Олардың зерттеу жұмысына көмектесемін.Зертханада екі-үш күн қатарынан қонатын кездерім болады. Бірде осындамын десем, үйімдегілер «неге? жағдайың дұрыс па? неге онда қонасың?» деп уайымдап қалды.

Зертханаға келгенімде жалғыз шетелдік мен болатынмын. Жапондар маған бір түрлі қарайтын. Олар- негізінде тұйық халық, бірден қарым-қатынас орната алмайсың. Ал қазір бәрі басқаша, мұнда жыл сайын шетелдік студенттердің саны артып келеді.

Сәуле Жолдаяқова, жас ғалым, Жапония

Жапондар арасындағы үздік қазақ студенті

Университтегі өзіме қатты ұнайтын жүйелердің бірі — «сэмпай», «кохай» ережесі. Сэмпай -жоғарғы, ал кохай — төменгі курс студенттері. Сэмпай кохайға әрдайым бас-көз болып жүреді, ал кохай сэмпайдың айтқанын орындайды.

Бізде бір қытай студенті оқитын. Өткен семестрде GPA көрсеткіші 70 студенттің ішінде 40-орында болған. Ал қазір 10-орынға көтеріліпті. Сэнсейлер: «саған не әсер етті?» деп сұраса, «шетелдік сэмпай Сәуленің GPA көрсеткіші 1-орында болғандығын біліп, менің де жапондардан артық оқи алатындығыма сенімім артты» деп жауап беріпті. Ол менен кеңес сұраған болатын.

Қыздардың ғылыммен айналысуының қандай артықшылығы бар?

Әйелдер қоғамы маған шәкіртақы табыстар кезде презентацияға шақырған болатын. Сол кезде мынаны айтқан едім: «When you educate a man, you educate a man. When you educate a woman, you educate generation». Мағынасы: «Ер адамға білім берсеңіз, сіз ер адамды оқытасыз. Әйел адамға білім берсеңіз, тұтас ұрпаққа білім бересіз». Мен осы ұғымды қолдаймын. Әйел адамның білім алғаны қоғам үшін өте пайдалы.

Сәуле Жолдаяқова, жас ғалым, Жапония

TED talk-ты жиі көремін. Маған ұнайтын спикердің бірі: «Жадымда ерекше сақталған естелік — анамның маған кітап оқыған сәті. Сол кезде ең алғаш рет кіржуғыш машина пайда болған еді. Бұған дейін анам кірді қолымен жуатын. Содан бастап анам маған көңіл бөлетін уақыт тапты. Осы күнге дейін менің кір машинаға деген алғысым зор», — дейді ол.

Білімді ұрпақты тәрбиелетін білімді ана деп ойлаймын. Сол себепті қыз балалардың ғылымға араласуы, меніңше, өте құптарлық жайт.

Ғалым болу үшін…

Қазақcтанда әлі күнге дейін ғалым болуды үлкен дәреже деп бағаламайды. Кәсіпкер болу сәнге айналды. Бұл да дұрыс. Ғылымда адамның баю процесі бірден орындалып кетпейді. Алайда стартаптан қарағанда, ғалымның бір жаңалығы мемлекетке, халыққа әлдеқайда ұзақ мерзімді пайданы алып келеді.

Докторантураға тапсырамын дегенімде, себебін сұрады. Менде «бұл карьерама үлкен плюс» деген ой болды. Сэнсейлерім шынайы қызығушылығым болмаса, бұны ары қарай ұзаққа апаруым қиын екендігін түсіндірді. Шынымен де, ең бірінші, зерттейтін салаң өзіңді қызықтыруы керек. Ғылым — ауыр жол. Оны тастап кетпеуің үшін көмектесетін жалғыз досың, қызығушылығың екен.

Сәуле Жолдаяқова, жас ғалым, Жапония
Жапониядағы халықаралық фестиваль

«Сарыарқамды сағындым»

Университетімізде жыл сайын әртүрлі халықтардың фестивалі өтіп тұрады. Әр ұлт өзінің елін, мәдениетін жеке бөлмелерде таныстырады. Мен оқыған жылы Қазақстандық студенттер өте аз болды. Мен Қазақстанды таныстыру үшін сол фестивальға қатысқым келді. Дәл мен сияқты өз елін таныстырғысы келген монғол бір бала бар екен, бізге: “сендер жақын орналасқандықтан, мәдениеттерің де ұқсайтындықтан, екі мемлекетті бірге таныстырыңдар”, – деді. “Жоооқ”, өз елімді жеке таныстырамын деп көнбедім. Маған көмекке кәріс досым келді. “Біздің елді таныстыратындар мұнда көп. Жәрдемдесейін”,- деді. Сөйтіп Жапониядағы қазақ достарымнан, елшіліктен қазақтың шапаны, камзолы, ұлттық бұйымдарын алып келіп, Қазақстанды таныстырдық.

Бірде телефонымды жоғалтып алдым. Аз уақыттан кейін біреу телефонымды тауып алып, маған беріп жіберіпті. Аң-таңмын. Сөйтсем, телефон фонындағы «Бәйтеректің» суретін көріп, бұның қазақтікі екенін білген екен.

Шет мемлекетте жүрсең, сенің әрбір әрекетің еліңнің, халқыңның қандай екендігін көрсетеді. Бұл — үлкен жауапкершілік. Қазақстан десе, көз алдыма Сарыарқаның даласы, көкжиек келеді. Сағынамын. Мұнда елім үшін пайдалы болады-ау деген білімді іздеп келдім, мақсатыма жететініме сенемін.