Tazalyk қосымшасын жасаған жастар — IT университетінің 4-курс студенттері. Айбек Рахым мен Ерсұлтан Налихан «Ақпараттық жүйелер» саласында, Елнұр Жексенов «Математикалық және компьютерлік модельдеу» мамандығында оқиды. Елнұр мен Ерсұлтан — Шымкенттің тумалары, Айбек — алматылық, бірақ мектепті Павлодардан бітірген. Үшеуінің басын тоғыстырған — IT университеті.
«Tazalyk жобасы арқылы қоқысты сатуға болады»
Айбек: Қазіргі таңда еліміздегі қоқыстардың 5-7%-ы ғана қайта өңдеуден өтеді. Қалған 93-95%-ы қоқыс полигонына жіберіледі. Оның қоршаған ортамызға зиян тигізетінін айтпасақ та белгілі. Сол себепті қайта өңдеуге жіберлетін қоқыстардың үлесін көбейту керек. Қазіргі таңда Алматыда қоқыс жинайтын 40 пункт бар. Онда қоқыстарды әртүрлі категориялары бойынша тапсыруға болады. Сол үшін ақша аласыз. Көп адам бұл туралы біле бермейді. Білген күнде де қоқысты арнайы пунктке апарып тапсыруға мотивациясы жоқ. Біз осы туралы көп ойландық. Қаладағы барлық қоқыс жинау пункттері туралы, жұмыс істеу уақыты, оларға қоқысты қалай апарып беруге болатыны туралы, қандай қоқысқа қанша ақша төлейтіні жөнінде ақпарат беретін платформа жасау туралы идея келді. Бірақ адамдардың мотивациясын оятуға бұл жеткіліксіз. Сол себепті қоқысты тапсырғаны үшін оларға қосымша сыйлық беруді ойластырдық. Осылайша, әр қадам сайын идеямызды дамытып, Tazalyk мобильді қосымшасын жетілдіре түстік.
Команда қалай жасақталды?
Айбек: Бұл идеямды жетілдіру үшін Астанадағы Назарбаев университетінің nFactorial инкубаторына қатыстым. Екі ай бойы сонда оқып, қалған бір айдың ішінде өзіміздің бір өнімімізді шығару керек болды. Мен осы қосымшаны IOS-қа арнап жасадым. Бұдан кейін Алматы қаласының әкімшілігі ұйымдастырған «Жас кәсіпкер» конкурсына қатыстық. Осы кезде команда жасақталып, жаныма Елнұр мен Ерсұлтан Налихан қосылды. Олар Tazalyk қосымшасын Android бағдарламасына жасады. Конкурсқа қатыстық, бірақ қалалық әкімшілік қызығушылық танытып, қолдау білдірген жоқ.
Елнұр: Қосымша бүгіннен бастап IOS және Andriod платформасында бар. Сондай-ақ, оны пайдаланған адамдарға бонус қойып отыруы үшін қоқыс қабылдау орталығының мамандарына арнайы қосымша жасап бердік. Олар сол арқылы барлық адамның бонустарын есептеп отырады.
Tazalyk қалай жұмыс істейді?
- Қосымшаны жүктейсіз;
- Нөміріңізді енгізіп, тіркелесіз;
- Картадан қоқыс қабылдау пунктерін табасыз;
- Қоқысыңыздың категориясына қарай, пункт таңдайсыз; Мысалы, макулатура қабылайтын Kazakhstan Waste Recycling компаниясының қаланың бірнеше ауданында бөлімшелері бар.
- Пунктке барып, қоқысыңызды тапсырасыз;
- Қоқыс көлеміне қарай ақшаңызды, бонусыңызды аласыз;
- Белгіленген көлемдегі бонусты жинаған соң, оны сыйлықтарға айырбастайсыз.
Айбек: Сыйлық ретінде кино билеттері, «Некафе» демалыс орындарына сертификат және тағы да басқа заттар беріледі. Оларды бізге ешкім тегін беріп жатқан жоқ. Tazalyk экологиялық әрі әлеуметтік жоба болғанына қарамастан, ешқандай жеңілдік те ала алмадық. Мысалы, KinoPark-тің кез келген уақытта қалаған фильміңе кіруге мүмкіндік беретін сертификаты 1500 теңге тұрады. Біз сол бағамен сатып аламыз.
Елнұр: Осындай шығындарды жабуымызға Kazakhstan Waste Recycling компаниясы көмектесіп отыр. Себебі, осыған ұқсас жүйе аталған компанияда бұрыннан болған. Алайда қоқыс тапсырған адамға бонустарды қағазға анықтама қылып жазып беретін. Яғни, автоматтанбаған жүйе еді. Біз соны жеңілдеттік.
Айбек: Маркетинг жағынан Movators компаниясы қолдау танытып отыр. Олар Facebook, Вконтакте желілерінде жарнама жасайды. Сонымен бірге жоғарғы оқу орындарына баннерлер қоямыз. Достарымыз, ұстаздарымыз да әлеуметтік желілері арқылы жарнама жасап беруге келісті. Солайша, ақырындап, жұрт біз туралы біле бастайды деп ойлаймыз (жымиды).
«Tazalyk қосымшасын 10 мың адам жүктеп алады»
Айбек: Мобильді қосымшаны жүктеу, пайдалану тегін. Оны студенттер мен мектеп оқушылары көбірек қолданады деп ойлаймыз. Өйткені жұмыс істейтін адамдардың киноға билет алуға, кафеге баруға ақшасы жетеді. Ал жастарда қаражат тапшылығы жиі болады.
Елнұр: Біздің қосымшаны 10 мың адам жүктеп алады деп күтеміз. Бірақ жетістігімізді жүктелу санымен емес, қосымша арқылы қоқыс өткізуге барған адамдардың санымен есептейміз. Tazalyk арқылы бір мың адам қоқыс тапсырса, біз үшін үлкен жетістік болмақ.
Айбек: Алматыда сәтті іске асса, Астана қаласына да апарамыз. Ол үшін кем дегенде екі ай уақыт керек. Себебі қоқыс қабылдау орталықтарын тауып, келісуіміз керек.
Елнұр: Andriod бағдарламасына арналған қосымшалар жасауда өз-өзімді дамытып, интернеттен дәрістер қарап жүргеніме бір жыл болды. Tazalyk — менің бірінші тәжірибем.
Айбек: Tazalyk — менің де мобильді қосымша жасаудағы алғашқы жұмысым. Бірақ осыған дейін де көп жобаларым болды. Менде қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға арналған құрылғының патенті бар. Оны «Астана тазарту» деген компанияға сатып жібердім.
Елнұр: IT бізге ұнайды. Екінші жағынан бұл — сәнге айналған сала. Үшіншіден, грант беріп отыр (күліп).
Не шабыттандырады?
Айбек: Өзімізге ұнайтын іспен шұғылдану, сол арқылы қоғамға пайдаң тиетінін түсіну бізді шабыттандырады. Егер Tazalyk қосымшасы арқылы қаладағы қоқыстың 20-30 пайызы қайта өңдеуге жіберілсе, еңбегіміздің ақталғаны деп білеміз. Табыс табу жағынан қатты қызығушылық болып отырған жоқ.
«ЖШС ашамыз»
Айбек: Осы қосымшаны автоматты түрде жұмыс істейтін деңгейге жеткізгіміз келеді. Содан кейін басқа жобаларға кірісеміз. Болашақта Blockchain, криптовалюта салаларында жоба жасап қалуымыз мүмкін.
Қазір бізді «Ракетная фирма», ChocoLife компаниялары жұмысқа шақырып жатыр. Бірақ өзіміздің Next Step деп аталатын командамызбен құрған стартапымызды жетілдіруді қалаймыз. Идеямызды дайын жобаларға дейін жеткізуді көздейміз. Әзірге тек командамыз. Жуырда ЖШС ашып, ресми түрде жұмысымызды бастаймыз.
Бизнес ашып, өзімізге жұмыс істегіміз келеді. Өйткені біз қазір жаспыз. Жас кезде өзіңнің мүмкіндігіңді барынша сынап көру керек деп ойлаймын. Ертең бала-шағаң болғанда бизнес бастауға тәуекелің жетпей қалуы мүмкін. Өйткені ол кезде балаңды асырау, отбасыңның жағдайын жасауың керек болады.
Айбек пен Елнұр: Біздің мобильді қосымшаны пайдаланыңыздар! Жай ғана жүктеп алмай, қоқыстарды пунктерге тапсырып, қоршаған ортамызды тазартуға өз үлестеріңізді қосыңыздар!
Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт, суреттер Айзада Жайыққызы.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.