Соғыс басталғанда Жәнібек Елеуісов он алты жастағы жасөспірім, ауыл баласы жеті жылдық қазақ мектебін өзі туып — өскен Ресейдің Алтай өлкесіндегі Тұрат ауылында (ол кезде Қазақстан түгілі Ресейде қазақ мектебі болған), ал орта мектепті аудан орталығы Белонь селосында орыс тілінде тәмәмдаған. Он жылдық мектепті бітірген соң ол өз еркімен сұранып соғысқа аттанды. Бұл 1943 жылдың 9 ақпаны болатын.
Бастапқыда жас жауынгерді Барнауыл қаласындағы полк мектебінде әскери оқуға апарып, одан соң майдан шебіне жіберген. Алтай өлкесінің шалғай ауылынан келген жас жігіттің әскери өмірі Украина майданындағы үлкен ұрыстардан басталады. Жәнібектің орта білімі болған соң және сонымен қатар, орыс тіліне жатықтығын ескеріп, оны бірден пулеметшілер бөлімшесінің командирі етіп тағайындайды.
1943 жылдан маусым – шілде айларында 50 күн мен түнге созылған атақты Курск иініне келіп, 1943 жылдың қыркүйек айында Жәнібек Елеуісов Украинадағы Сумы облысын азат етуге қатысады. Қазан айының бастапқы күндерінде Украинаның Шостака қаласын жаудан азат етіп, сол ерлігі үшін Шостака қаласының құрметті азаматы деген мәртебелі атаққа ие болды.
Жәнібек Ақатұлы Днепр, Припять, Десна өзендерінің арғы жағасына шыққанда аса үлкен ерлік танытты. Сондықтан да оның өмірінде Киев, Шостака, Житомир, Ровно қалалары мәңгілік орын алды. Майданда Жәнібек бірнеше рет жаралы болған, солардың зардабынан бір өкпесінен, алты қабырғасынан, ал жаумен жекпе-жек арпалысқанда аузындағы тістерінен айырылған. Кейіннен белгілі болғандай, Кеңестер Одағының батыры атағын Жәкеңе беру туралы жарлық 1943 жылдың 16 қарашасында болған екешыққан. Бірақ жоғарғы әскери атақтың өзіне берілгені туралы мәліметті ол ауыр жарақаттанып, әскери госпитальда емделіп жатқан шағында естиді.
Ал Кеңестер Одағы Батырының Алтын Жұлдызын Жәнібек Мәскеудегі Кремльде М.Калининнің қолынан 1944 жылдың 24 мамырында алған. Сол жылдың күзінде Ж.Елеуісов Қазан қаласына жаяу әскерді дайындайтын әскери училищеге оқуға жіберілді. Оны бітірген соң Жәнібек Украинаның Румынияға жақын орналасқан Черновцы қаласына әскери қызметке жолдама алып, осы қаладағы әскери училищеде ұрысты жүргізу тактикасынан дәріс береді. Денсаулығы түзелген соң, 1946 жылдың қаңтарында Алтай өлкесіндегі Верхонка селосында жеті жылдық мектептің директоры қызметін атқаруға кіріседі. Екі жылдан кейін сол жердегі селолық кеңестің төрағасы болып сайланады. Ал 1950 жылға дейін Ресей Федерациясы Алтай өлкесінің депутаты болып жұмыс істейді. Одан соң Кирма селосында жеті жылдық мектеп директоры болып үш жыл қызмет атқарады.
1945 жылы атамекені Қазақстанға қоныс аударған ол Атыраудың Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінде жұмыс істейді. Кейін ДОСААФ-тың Атырау облысындағы мектебіне басшылық жасап, төрт дүркін, яғни 1967 жылға дейін Гурьев қаласы атқару комитетінің депутаты болып сайланды. 1972 жылдың қыркүйек айында ДОСААФ-тың жүйесімен Жамбыл облыстық ДОСААФ басқармасының спорттық атқыштар клубының директоры болып сайланады. 1991 жылға дейін жемісті жұмыс істеген соң Жәнібек Ақатұлы құрметті демалысқа шықты.
Зейнеткер бола тұра, қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ. Ұлы Отан соғысынан кейінгі еңбегі үшін Қазақ Совет Республикасының Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасына ие болды.
Өзі туған жерінде, яғни Ресейдің Алтай өлкесіндегі Тұраты селосында батырға ескерткіш орнатылған. Кеңес Одағының 69 батырына мәрмәрдан орнатылған бюстердің ішінде қазақ жігіті Ж.Елеуісовтың да ескерткіші бар. Украина астанасы Киев қаласындағы мәрмәрдан жасалған үлкен тақтада Украинаны жаудан азат еткен Кеңес Батырларының аты-жөні алтын әріппен жазылған. Солардың арасында Жәнібек атаның да есімі бар.