Әр елдің салты басқа…

Әлемдегі кедей елдердің бірі – Бангладеш

Салт-дәстүрді берік ұстанатын бенгалдықтар үйлерін міндетті түрде ұлттық нақышта безендіреді. Бұл елдің кедей тұрғындарының өзі үйлерін сән-салтанатпен өрнектейді.

Бенгалдықтардың дәстүрлі әндері — Баул. Бенгалдықтар Баул орындаушыларын қызғыштай қорып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырады.Баул – осыдан жүздеген жылдар бұрын Батыс Бенгалияны мекен еткен кезбе жыршылардың әні. Бұл сөздің мағынасы «Киелі сотқар» дегенді білдіреді. Баул әнін орындаушылардың қандай жағдай болмасын жанынан тастамайтын мүліктері – киімі және музыкалық аспаптары. Одан өзгені жандарына серік етуден үзілді-кесілді бас тартады.

Бенгалдықтар ырым мен тыйымға қатты сенетін халық. Бангладеш ұлты дүниеге ұл бала келсе болды, «үйімізге береке келді» деп қуанады. Ал қыз балалардың туылғанын аса қатты ұната бермейді. Олар қыз баланы өзге шаңырақтың киесі деп санайды. Қыз бала тұрмысқа шыққаннан кейін толықтай күйеуінің меншігіне өтеді. Ал ұл бала олар үшін ұрпағының жалғасы, қартайғанда асырайтын өз үйінің иесі.

Олар алдарынан бос тостағанды, құс өлексесін, тақ сандарды, үзіліп қалған жіптерді көре қалса бітті жаман ырымға балап, сағы суға кетеді.

Бұл елге бара қалсаңыз олармен қол алысып амандасам деп әуре болмаңыз. Жақсы танымайтын адаммен қол алысып амандасу бенгалдықтар үшін жат нәрсе. Тіпті танымайтын адамға жай ғана қол тигізудің өзі қылмыс саналады. Тек ер адамдар ғана жақсы таныс адамдармен қол алысып амандасады.

Португалия елі ар-намысын жоғары бағалайтын ұстамды ел

Олар ешкімнің алдында абыройының төгілуіне жол бермейді. Сыртқы бет-әлпетінің, киімінің әдемі болып тұрғаннын жандары сүйеді. «Кісіні киіміне қарап қарсы ал» деген мақалдары сондықтан да айтылған болуы керек.

Олардың амандасу әдебіне келетін болсақ, аса танымайтын адамдарымен қол алысып амандасады. Ер адамдары бір-бірін құшақтап амандасса, ал әйел адамдары ең алдымен оң, одан кейін сол бетінен сүйіп амандасады.

Олар алғаш рет дастархандас болып отырған адамының өте көңілді, ашылып сөйлесіп отырғандығын, шеттен шыққандық деп бағалайды. Бір-бірін баяғыдан танитын адамдар кездесуге кешігіп келіп жатса, оған мән бермейді. Ал таныс емес адамды кездесуге шақырып, ол адам кешіксе, бұл қылығын сыйламағандық деп есептейді.

Португалия елінің қызықты, өзгеше салт — дәстүрлері жетерлік

Португалдықтар ерте отау тіккенді құп көреді. Олар қыздарының 16 жасында тұрмысқа шыққанын, ал ұлдарының 19-20 жасында үйленгенін мақұлдайды. Міне осы уақытты олар отбасын құруға ең қолайлы уақыт және дені сау ұрпақ осы уақытта дүниеге келеді деп есептейді.

Жас жұбайлар кімнің үйінде тұрғысы келсе, тойды соның ата-анасы жасайды. Ең қызығы, олар тойдың дастарханына қойылатын ас-ауқатты өздері сатып алмайды. Той болатын күннің таңертеңінен бастап қонақтар, жас жұбайлардың тойының дастарханына қойылатын тамақтарды өздері беріп жібереді.

Португалдықтардың салт-дәстүрі бойынша, үйлену тойына келген қонақ, тойда жейтін тамағын өзімен бірге алып келуі керек. Ал жастардың ата-аналарының басты міндетті шарапты қонақтарға жетіп артылатындай етіп алу. Егер той кезінде шарап таусылып қалар болса, нағыз масқара жағдай болады.

Қысқасы, қазақта «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демей ме?!