Жетістіктері:
- Панкратионнан Қазақстанның 3 дүркін чемпионы;
- Әлем кубогының 2 дүркін чемпионы;
- 2016 жылғы Азия чемпионы;
- 2015 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері;
- 2016 жылғы ММА бойынша әлем чемпионатының күміс жүлдегері;
- 2016 жылғы панкратионнан әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Алғашқы жарыс жолым әлі есімде…
18 жасымнан бері спортпен айналысамын. Панкратионға қатыспас бұрын еркін күрес, қазақша күресте жаттықтым. Одан бөлек кикбоксинг, таэквондодан тәжірибелерім болды.
Панкратион спорты — менің бала кезгі арманым. Кішкентай кезімнен бұл спорттың бар екенін білетінмін. Қатты қызықтым. Кейіннен ережесіз жекпе-жек ұнай бастады. Басқа спорт түрлеріне қатыса отырып, панкратионмен айналысуға өзімді дайындадым. Ауылдық жерде тұрғандықтан бұл спорт саласы бізде дамымаған. Мектептегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мерей Құспанов талпынысымды байқап, әр түрлі спорт түрлерінен жарыстарға қатыстырды.
Панкратион қандай спорт түрі? Мұнда әрбір әдіске балл беріледі. Мысалы, тепкені үшін санға — 1, ортаға — 2, басқа — 3 балл береді. Ұпай беруде осындай ерекше сатылары бар. ММА спорт түрінен 12 балл айырмашылықпен қарсыласыңды ұтып кетуге болады. Панкратион — ережесіз жекпе-жек түріне жататын спорт түрі. Негізінен әуесқой және кәсіпқой деп бөлінеді. Мен әуесқой панкратион саласында жарыстарға шығамын. Біздің елде бұл спорт жаңадан дамып келе жатыр. Негізінен еуропалық, америкалық, бразиялиялық, кавказдық спортшылар мықты. Тәжірибе жағынан үйренетін нәрсе өте көп.
Мені панкратионға Жұмакелді Жалғасұлы ағайым жаттықтырады. Ол панкратионнан әлемнің 3 дүркін чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, әлемнің ММА спорт түрінен күміс жүлдегері болған спортшы. Бұдан бөлек ҚР Еңбек синхронды жаттықтырушысы Сағындық Мекеев атты аға жаттықтырушым бар. Қазіргі жетістіктерім Алланың қалауымен осы кісілердің арқасы екенін айта кетейін.
Панкратионнан жарысқа алғаш рет қатысқаным әлі есімде. 2013 жылы Қостанай облысында ҚР Кубогынан жастар арасындағы кездесуде күміс жүлдеге ие болдым. Сол кезде қатты қуандым.
Қазіргі таңда көбі мені «Чинури» деген лақап атпен таниды (күлді). Байқасаңыз, футболкамда солай жазылған. Бұл атауды достарым ойлап тапты. 6-7-сыныптарда болса керек, «Чинури» әні қатты ұнайтын («О, Чинури» деп әндетіп жүретінмін). Содан бері әзіл-шыны аралас достарым, таныстарым осы есіммен атап кетті.
Шәкірттерімнің ішінде Әлем кубогының жүлдегері бар
Осы кезге дейін мен үшін ең қиын кездесу 2015 жылы өтті. Ол кезде жас болғасын ба, психологиялық тұрғыда өте қатты қиналдым. АҚШ -тың Лас-Вегас қаласында өткен ӘЧ-тің финалдық ойынында қарсыласымның кім екенін білмедім. Тек АҚШ спортшысы екені ғана белгілі еді. Әбден шығатын кезде ғана үлкен жетістіктерге жеткен, 10 белбеуі бар спортшы екенін білдім. Қорыққандықтан ба, әлде қобалжыдым ба, «не мен құлаймын, не ол құлайды» деген ой ғана келді. Ол мен үшін өте асығыс кездесу болды. Тәжірибем жетіспегендіктен жеңіліс таптым.
18 жасымнан бері «Айдар» кәсіпқой спорт клубында жаттығамын. Үш жылдан бері балаларды тәрбиелеймін. Мұнда панкратион, ММА , кәсіпқой әскери самбодан балаларды дайындаймыз. Біздің спорт қызықты болғандықтан, ата-аналар балаларын көп әкеледі. Тәрбиелеп жүрген шәкірттерімнің ішінде 6 Қазақстан чемпионы, 2 Азия чемпионатының күміс, Әлем кубогының қола, 13 ҚР чемпионатының күміс жүлдегерлері бар.
Ата-анам панкратионмен айналысуыма әлі де қарсы
Жас балаларды панкратионға 12 жастан бастап қатыстыру керек. Себебі, біздің спорт түрі қаталдықты талап етеді. Сол үшін бассейнге, күреске бару керек. Бұдан бала жаттығып, бұлшықетттері өседі, қатаяды.
Қауіпті спорт түріне жататындықтан кездесуге шыққанда түрлі жағдай орын алады. Қолымыздағы қолғап жұқа. Сол себепті, бір соққы кездесуде жеңісті шешіп жібереді. Бізде аяқпен тебу әдісі бар. Жерде жатқан кезде бастан соққы алса өте қиын. Осы кезге дейін өміріме қауіп төнген кездер болмады. Бірақ, мұрным көп сынды (жымиды). Бір рет ота жасаттым.
Ата-анам бұл спорт түрімен айналысуыма қарсы, әлі де қарсы. Ата-ана болғасын баласына алаңдайды ғой. Алғашында «мына жарысқа барамын» деп ініме ғана айтамын. Жарыс біткен соң ата-анамды бірден нәтижеммен қуантамын. Өйткені, анамды уайымдатқым келмейді.
Өз деңгейімді өзге елде көрсеткім келеді
Мен 2012 жылы Құрманғазы ауданындағы Бауыржан Беделов мектебін бітірдім. Биылдан бастап Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау гуманитарлық университетінде оқимын. Физикалық тұрғыдан қарағанда менің бойым кішкентай. Сол себепті кездесуге 57 килограммда шығамын. Минималды 10 кг салмақ қуамын.
Біз таңертең және кешке 2 сағат бойы жалпы жаттығу жасаймыз. Соққы техникасы, яғни, кикбоксинг, күрес, греплинг әдіс-тәсілдерімен жаттығамыз.
Неге екенін білмеймін, бірақ еліміздегі промоушндерде төбелесуді қаламаймын. Бұйырса, 2018 жылдан баста кәсіпқой жекпе-жектерге шыққым келеді. Максималды түрде 3 кездесуден соң шетелге шықсам деген мақсатым бар. Өз деңгейімді өзге елде көрсеткім келеді.
Жарыстарға баратын кезде демеуші болатын ағаларымыз бар. Сондай-ақ, облысымыздағы спорт басқармасының тарапынан көп көмек көрсетілуде. Осы орайда, маған әрдайым қолдау білдіріп жүретін Алмаз Мұқашов , Аслан Мұқашов, Өркен Тәжібаев, Асқар Мирасов, Ербол Торғайбеков, Дияс Сұлтанов,Омар Алпамысов есімді ағаларыма ризашылығымды білдіргім келеді. Әрқашан қолдау білдіретін достарыма, шәкірттеріме, ауылдастарыма көп рахмет.
Сұхбаттасқан және суретке түсірген Айзада Жайыққызы
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.