Қазақтың билер соты мен шариғат үкімдерінің байланысы

Түрмесі болмаған халық

Көшпелі қазақ қоғамында «түрме» ұғымы болмаған. Ұсақ, ауыр қылмыстың барлығына билер сотының шешімімен лайықты жаза тағайындалған. Дала заңында жиі кездесетін жазаның бірі — құн төлеу. Оны билер халықтың әлеуметтік тұрмысына қарай белгілеп, қадағалап отырған. Мысалы, айыпкер немесе оның туыстары құн төлеуден бас тартса, сот жапа шеккен жақтың айыпты жақтан күшпен мал айдап әкетуіне рұқсат еткен. Ал би шешімінсіз барымта жасау ұрлық саналып, қатал жазаланып отырған.
Қоғам тазалығы мен реттілігі үшін кесім беруді Қасиетті Құрандағы «Кім Алланың шектерінен шықса, расында ол, өзіне қастық қылған болады» деген аяттан да түсінуге болады [Таләқ сүресі, 1-аят].

Ұсақ қылмыстарға шариғат үкімі

Исламда ұсақ тәртіп бұзушылық үшін халық алдында сөгіс жариялау, есекке, қара сиырға теріс отырғызып көше бойымен алып жүру секілді жазалар тағайындалады;  өлтіруге итермелегені үшін өмір бойы бас бостандығынан айырумен жазалайды [1].

Ал қазақ халқында «жануарға теріс мінгізіп отырғысу жазасы» көбіне күйеуден қайтып келген қызға қолданатын болған. Халық арасында бұл жайлы ауыздан ауызға жеткен мысалдар көп.

Халқымызда бөтен бір елдің қызына, әсіресе екі ру елдің арасында дау-дамай өршіп тұрғанда, келіп жүрген жігіт ұсталып қалса, кеудесіне дейін жалаңаштап аяқ-қолын байлап, атқа теріс қарап мінгізіп, ауылына қарай айдап жіберетін. Осындай бір жазаның түрін: жігітті кеудесіне дейін шешіндіріп, мойнына құрым киіз кигізіп, күйе жағып, аттың құйырығына жіп тағып, жіпті жігіттің  аузына тістетіп, өзін қамшылап айдауды зерттеуші А.И. Левшин естелігінде жазып қалдырған [2]. 

Қазақ, хан, би

«Ердің құны — екі елу»

Шариғат үкімі бойынша әйелді өлтіргені үшін құнның жартысы (50 түйе), ер адамды өлтіргені үшін 100 түйе төленеді . Бұл үкім қазақ қоғамына да ұзақ жылдар қызмет еткен. Бұған Ақтайлақ бидің «Төрт тентекке» тағайындаған кесімін мысал ретінде келтірсек болады:

«Бірде Төртауыл елінің байы өз жеріне түнде ұрланып қонған көрші ауылдың бip топ балаларын көреді. Ашуланған ол дереу байлаудағы атқа жайдақ мiнe салып, балаларға шауып келіп, «Кәне, кетіңдер бұл жерден, көгалды таптамай!» — деп, қамшының астына алады. Балалар тым-тырақай қаша жөнелгенде, бipeyi отыра қалып, шапанын аударып жіберіп атты үркітеді. Ат шұғыл бұрылып қисайғанда, байдың бөрігі көгалға ұшып түciп, аттың алдынан көлденең домалап өтеді. Аң тepiciнeн тігілген бөpiктeн шошынған асау аттан бай басымен құлап, сол жерде жан тапсырыпты. «Аттандаған» eкi ауыл ымыраға келмей, ic насырға шауып, ел арасы бұзылуға айналады. Соңында дауды Ақтайлақ биге шешуді тапсырады. Ақтайлақ болған оқиғаның мәнісін жете анықтап, сол ауылдың халқын түгел жиып былай деген екен:

— Бай бұл елдің арқа сүйер азаматы, осы ауылдың ағасы еді. Отауына құт, әулетіне береке, ауылына беделді ер еді. Ердің құны — екі елу, құнына жүз тайлақ кесемін. Бipaқ бұл тайлақтардың төлемін төрт тентекке бөліп беремін. Бірінші үй тентек – байдың өзі — баламен бала болмай, арғы ауылдың кемпірін әкелген үлкендеріне бару керек еді, сондықтан 25-сiн бай ауылына кесемін, екiншi тентек — байдың атын үркіткен балаға кесемін, ол өйтпесе байдың бөркі басынан ұшып түспес еді, 25-ciн сол төлесін, 25 тайлақты — үшінші тентек — байдың бөркіне кесемін, көлденең домаламаса байдың аты секірмес еді. Tөpтiншіciн бай мінген тентек асауға кесемін, ол тік қарғып жықпаса бай өлмес еді. Осымен билік бiттi, — деген екен.

Ақтайлақ бидің бұл билігіне разы болған eкi жақ үндемей тарасқан көрінеді».

Ауыздан ауызға тараған бұл мысалдар ұрпақтың ата жолымен жүруіне ықпал еткен. Қазақ халқы ертеден ұстанған дін, Исламда, өлтірілген кісі үшін төленетін құн ақысына 1000 динар (бір динар – 4,235 гр алтын тенге), 10 000 дирхам (1 дирхам – 3,13 гр күміс тенге) немесе  200 бас қой не 200 мата, (бір мата бір адамға бас киім тігуге жететін өлшемде) не 200 бас қара мал түрінде де белгіленген [1].

Қазақ халқында қандай жағдайда өлім жазасы тағайындалған?

Қазақ, батыр, хан

Билер соты тек екі жағдайда ғана өлім жазасын кескен: біріншісі – Отанын сатқанға, екіншісі – зинақорлық жасағанға. Шариғат заңы бойынша Отанын сатқан адамның басын қылышпен шауып, найзаға қадап қойған, ал зина жасаған әйелді таспен ұрған. Олардың денесі қаңғыбас иттердің жемтігіне айналған. Ал, көшпелі халықтың билер соты сатқынды басына қап кигізіп жұрттың көзінше дарға асқан, зина жасаған еркек пен әйелге де қап кигізіп, түйенің екі өркешінің арасына салып асқан. Сонда жұрт айыптылардың асылғанын көргенімен, өлтіру поцесінің өзін көре алмаған. Өлтірілген адамдардың денесі туыстарына берілген. Бірақ олар ауылдың ортақ қорымынан оқшау жерленген [3].
Бұған тарихта «Түйенің қомы» деген атпен қалған жаза, Құнанбай Өскенбайұлының Қодар мен Қамқаға кескен кесімі нақты мысал бола алады.
Ислам дініндегі өлім жазасы

Абдуллаһ ибн Масһудтан (р.а.) жеткен хадисте Алланың Елшісі (с.ғ.с.) хадисте былай деген: «Үш жағдайдан басқа мұсылманның қанын төгуге рұқсат етілмейді: зинақорлық жасаған үйленген адамды өлім жазасымен жазалау кезінде, өмір үшін өмірді алған (есе қайтарған) қайтарған кезде және біреу діннен шығып, үмметті тастап шыққан кезде». Әл-Бухари 6878, Муслим 1676.

Билер сотындағы куәгерлер

Билер сотының іс қарау үрдісі ауызша, дауласушы жақтардың және куәгерлердің қатысуымен өткен. Куәгерлікке кәмелет жасына толмағандар, ақыл-есі кемдер, дауласушы тараптардың туыстары, дос-жарандары куәгерлікке тартылмаған.

Тәуке ханның «Жеті жарғысы» бойынша, Құдайға тіл тигізгені жеті адамның куә болуымен расталса, ол адамға өлім жазасы кесілген. Куә саны жеткіліксіз болса, айып тағылмаған [4].

Жорық кезінде намаз

Куәгер болмаған жағдайда билер өзінің даналығымен шешім айта білген. Оған Қазыбек бидің балаға баласқан екі әйелдің сөзіне куәгер таппағанда айтқан мына тапқырлығын мысалға келтіруге болады:

— Бірің балаңды жоғалтқаныңды, енді бірің тапқаныңды растап шығарлық мұнда басқа куә жоқ. Сондықтан мынадай билік еткім келеді, — дейді де, баланың екі қолынан екі әйелге ұстатып қойып, қара балтаны жоғары көтеріп: «екеуіңе қақ бөліп беремін, осыған ризасыңдар ма?» — дейді. Сонда балаға ие болып жүрген әйел: «Біреуге тірі кеткенше, жартысы болса да өзімде қалсын, бөлсең бөл!» — деп безеріп тұрып алады. Ал, баланы таныған әйел: «Ойбай, биеке-ай! Қайда жүрсе де, тірі болсын, шаба көрмеңіз!» — деп безек қағады. Содан барып Қазыбек: «Бала мына жоғалтқан әйелдікі, өйткені ол баланың тірілігін тілеп түр, баласын өзіне бер,» — деп билік айтады.

Түркістан, қазақ
©Е.А.Ким

Қылмысқа Исламдағы куәгерлік

Исламда мұсылманның абыройын сақтау тіпті оның жанынан да маңызды. Сол себепті куәгерлік үлкен жауапкершілік болып саналады. Шариғат бойынша, адам өлтіру екі куәмен дәлелденеді. Бірақ зинақорлықты дәлелдеу үшін төрт куә қажет. Зинақорлық өте жағымсыз болса да, зинақордың абыройын төгу одан да жаман болып есептеледі [5].

«Әйелдеріңнен зинақорлық істегендерге (оларды анықтау үшін) төрт айғақ әкеліңдер. Егер, олар (әйелдің зинақорлық істегендігіне) айғақ болса, онда, әйелдеріңді өлгенге дейін немесе оған Алла бір шығар жол бергенге дейін үйде қамап ұстаңдар. (Ниса сүресі, 15-аят).

Ал жалған куәлік айтушыларға қатысты хадис шәрифте қатаң ескерту айтылады:

«Ең үлкен күнә – адам өлтіру, ата-анаға зұлымдық жасау, жалған куәгер болу.» (Дәйләми)

Ислам діні мен қазақ қоғамындағы кешірімділік

«Алдыңа келсе адамның құнын кеш», «Иілген басты қылыш кеспейді» деген нақыл сөздер қылмысқа төрелік етуде де кешірімділік орнайтындығын аңғартады. Сондай-ақ «Дау мұраты — бітім» деген ұғым да, билер сотының жазалау мен құн төлету мақсатында емес, әділеттің орнауына қызмет еткендігіне дәлел бола алады.

Мысалы, «Жебенің ұшы» (Әнет бабаның Қалқаманға байлаған байламы), «Жылқының құйрығы» (Кеңгірбайдың Кебекке қиған жазасы) сияқты биліктер бірінші кезекте ел бірлігі мен ұлт тазалығын қорғау үшін қызмет атқарған. «Қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деп, билер кей майда бұзақылықтарды сыртқа шығармай ауыл, ру ішінде басып отырған.

Қазақ, батыр, хан

Исламда кешірімділік иманнан, ізгі қасиеттерден деп түсіндіріледі. Бұл туралы Құран аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде мысалдар көптеп келтіріледі.

Бір күні Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Жәбірейл (а.с.) келіп: «Ей, Мұхаммед! Мен саған бұл дүниелік және ақыреттік болатын көркем мінездер әкелдім», — деп мына аятты оқыды: «(Мұхаммед) кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет. Сондай-ақнадандардан бет бұр». Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл аяттың мағынасын сұрағанда Жәбірейл (а.с.):

«Расында Алла Тағала саған, сенімен арасын үзген адаммен қарым-қатынасыңды жақсартуды, саған бермеген адамға беруді, саған зұлымдық жасаған адамды кешіруді, саған дұшпандық қылғанға сабыр етуді бұйырды», — деген екен [6].

Қазақ билерінің әділдігі

Қазақ қоғамында билердің даңқы әділ ісімен, тапқыр шешімдерімен ғана артқан. Қара қылды қақ жарған билердің атақ-абыройы бүкіл елге тарап, мыңдаған шақырымдардан даушылар іздеп келіп, төрелігін сұраған. Сол себепті, билер соты кәсіби тұрғыдан әбден шыңдалған, тәуелсіз сот билігі ретінде сақталып келді. «Тура биде туған жоқ» деген ұғым да осыдан қалса керек.

Ал Құран Кәрімде әділдік туралы 14 жерде айтылып кеткен. Алла Тағала қасиетті кітапты түсіргенде әділдік қағидасын алға тартқан: «Расында, Біз елшілерімізді анық мұғжизалармен жібердік. Және де елшілермен бірге адам баласының әділ өмір сүруі үшін Кітапты жібердік» (Хадид сүресі, 25-аят) деген. 

Қазақ, хан, би

Билер сотының басты қызметтік міндеті әділеттіліктің салтанат құруына дәнекер болу еді. Ресей империясының отарлау саясатының, 1864 жылы сот реформасын енгізуі арқылы билер соты өзінің құқықтық мән-маңызын жоғалтты.

Алайда шариғат заңдарымен тығыз байланыста болған билер соты қазақ қоғамы, оның бірегейлігі, теңдігі үшін сан ғасырлар бойы қызмет еткендігі даусыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Бақжан Ә., Қалқаева Н.Б., «Шариғаттағы кек алу және айыппұл жазаларының ерекшеліктері».
  2. El.kz, «Жылқының қазақтың әдеттік құқығындағы орны мен рөлі»
  3. Асадов Д., «19-ғасырдағы билер соты».
  4. Исахан М., «Жеті жарғыдағы өлім жазасы қай кезде қолданылды?»
  5. Рarstoday.com, «Ниса сүресі, 104-ші бөлім, 15-18 аяттар»
  6. Ерімбет Е., «Кешірімді бол».

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.