• Латын қарібіне қатысты ұсыныстарды #latyn хэштегімен әлеуметтік желілерге жазба жариялау арқылы білдіруге болады. Бұл туралы «Қазконтент» акционерік қоғамының басқарма төрағасы Евгений Кочетов өзінің фейсбуктегі парақшасында хабарлады.

«Ұсынылып отырған әліпбидің жобасына қатысты ұсыныстарыңызды #latyn хэштегі арқылы жеке парақшаңызда жариялай аласыз. Аталған хэштег арқылы барлық ұсыныстар жинақталып, арнайы құрылған жұмыс тобы мүшелері мен Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы бірлесіп, туындаған сұрақтар бойынша нақты кең түсініктеме береді»,-деп жазды ол.

  • Сондай-ақ, Ruh.kz порталына кез келген интернет қолданушысы латын әліпбиі туралы пікірлері мен сұрақтарын қалдыра алады. Бұл әдіс те жаңадан қабылданатын латын әліпбиі нұсқасына әсер етеді. Қолданушылардың ойы мен пікірін арнайы оперативті режимде портал қызметкерлерімен бірге тіл институтының қызметкерлері қарап, сол тұрғыда жұмыс істейтін болады.