«Шығындалған ақша көрмеге келушілердің, саяхатшылардың есебінен қайтарылды. ЭКСПО көрмесінің арқасында Астананың барлық қонақ үйлері, мейрамханалары, концерт залдары мен дүкендері толып, жақсы серпін алды. Астана бюджетінің түсімі осы жылдың ішінде бірнеше есеге артты. Кәсіпкерлер де өз қаражатын түгендеді. Мұның барлығы да елдің қоржынын толықтырды», — деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, Елбасымен кездесуден кейін журналистерге берген сұхбатында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов «ЭКСПО-ға» кететін шығындар 131 миллиард теңгеге қысқарғандығын хабарлаған болатын.
Сондай-ақ бұған дейін ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге жұмсалатын қаржы туралы хабарлаған болатын. Министрдің айтуынша, 2018-2019 жылдарға жоспарланған 33,8 млрд теңге ЭКСПО нысандарын көрмеден кейін пайдалануға жұмсалады.
Әлемдік тәжірибедегі EXPO көрмесінің пайдасы
2000 жылы Ганноверде (Германия) өткен көрмеде әр елдің павильонын салуға орта есеппен 12 миллион еуро жұмсалған. Әйтсе де, ұйымдастырушы елдің жоспары орындалмай қалды. Германия аталған шараға әлемнің түкпір-түкпірінен 40 миллион турист келеді деп топшылаған. Іс жүзінде небәрі 18 миллион шетелдік келіп, немістер қып-қызыл шығынға ұшырады. Сарапшылар бас-аяғы 1,2 млрд еуро желге ұшты деп отыр.
2008 жылы ЭКСПО көрмесі Испанияның Сарагоса қаласында жалғасты. Аталған шараға Қазақстан өз тарихында алғаш рет қатысып, біздің елдің жасаған павильоны үшінші орынға ие болды. Дәл осы көрмеден кейін Қазақстан ЭКСПО өткізуге үміткер елдердің қатарына қосылып, көп ұзамай бұл мүмкіндікті жеңіп алған еді.
Дәл осы Сарагосада өткен көрмеге жұмсалған қаражат 872 миллион еуродан асады. Алайда, шараның қанша пайда әкелгені ресми жарияланған жоқ. Белгілісі, Сарагосаға әлемнің түкпір-түкпірінен 6 миллондай турист келген. Ал, 160 мың шаршы метр аумақты құраған ЭКСПО павильондарын испан билігі көрме біткеннен кейін іскерлік орталыққа айналдырды.
ЭКСПО тарихындағы ең қымбат көрме 2010 жылы Шанхай қаласында (Қытай) өтті. Көрменің кешенін салып, қонақтарды күту үшін ҚХР билігі шамамен 60 млрд доллар жұмсаған. Басты тақырып – қалалардың экологиялық проблемаларын шешу. Жалпы, Шанхайдың дәл осы тақырыпты таңдауы бекер емес. Өйткені, Қытайдың ең ірі қалалары – Шанхай, Бейжің, Гуаньчжоу сынды мегаполистер бүгінде әлемдегі ең лас қалалардың көшін бастап тұр.
Қытай бұл көрмеден экологияның проблемасын қаншалықты шешкені белгісіз, бірақ аз пайда тапқан жоқ. Көрмені көруге барлығы 73 миллион адам келген. Оның жартысынан көбі қытайлықтардың өзі болса да, 20-30 миллион турист келді деген көрсеткіштің өзі аз емес. Соның нәтижесінде болар, Шанхай бұл көрмеден 12 млрд доллар пайда тапты. Дегенмен, жергілікті билік өкілдері әуел баста бұл ақшадан 2,5 есе көп табыс табамыз деп жоспарлаған екен.
2012 жылы Оңтүстік Кореяның Ёcу қаласында өткен көрмеге барлығы 6 миллион турист келген. Қатысушы елдер негізінен теңіз бен мұхиттағы тіршілік атаулыны сақтау тақырыбында павильондар әзірледі. Жергілікті бюджетке түскен ақша 10 млрд еуродан асып түседі. Ал, жұмсалған шығын небәрі 1,5 млрд еуро шамасында. Яғни, Оңтүстік Кореядағы көрме ауқымы жағынан Шанхай көрмесінен әлдқайда шағын болғанымен, тапқан табысы жағынан Қытайдан қалыса қоймапты.
Ал, соңғы рет өткен Миландағы көрмеге 3,5 млрд еуроға жуық қаражат жұмсалғаны айтылды. Түскен пайда да дәл осы сомаға пара-пар. Бірақ жергілікті билік 13 млрд еуро пайда табамыз деп жоспарлаған екен. Көрмеге қыдырып келген туристер саны 20 миллионнан асады. Олардың қатарында қазақстандық делегация да бар.
Елорда үш ай бойы 115 ел мен 22 халықаралық ұйымның басын қосқан сағын қалашыққа айналды. Бұл көрме Қазақстанды әлемге танытты. Оған 4 миллион адам келгенін атап өттік. Оның 3/2 бөлігі жастар еді. Көрмеге күн сайын 40-50 мың адам келді. ЭКСПО-2017 көрмесінің ең танымал орталығы «Нұр Әлем» павильоны болды. Аяқталғанына дейін 1 млн 300 мың адам келді.
ЭКСПО-2017 көрмесінің сәтті өтуіне қала әкімінің басшылығымен арнайы құрылған штабтың бірлескен әрекеттері мен жұмысы септігін тиігзді. Кең ауқымды шара кезінде қаланың барлық қызметтері кешенді шаралар жоспары және нақты іс-әрекеттер аясында күшейтілген режимде жұмыс істеді.
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.В.Ильиннің айтуынша, ЭКСПО-ның қауіпсіздігін қорғауға министрліктің әртүрлі ішкі ведомстволық қызметтерінен тоғыз мыңға тарта қызметкер жұмылдырылған.
ш ай бойы көрменің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі жеке құрамдардан 300-ден астам адам мен 36 техника әкелінген. Олар: Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы төтенше жеғдай департаменттерінің, Республикалық, Орталық, Шығыс, Солтүстік аэроұтқыр жедел-құтқару жасақтарының өрт сөндірушілері мен құтқарушылары, облыстар ТЖ департаменттерінің инженерлік-инспекторлық құрамы, облыстар ТЖ департаменттерінің және Апаттар медицинасы орталығының психологтары, сондай-ақ медициналық бригадалары, Көкшетау техникалық институтының курсанттары және «Қазавиақұтқару» АҚ ұшқыштар құрамы. Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің жеке құрамынан жалпы 1285 адам және 115 бірлік техника, 5 тікұшақ жұмылдырылды.
ЭКСПО-2017 мамандандырылған халақыралық көрмесі аумағында 8917 қатысушы және көрме қонағы медициналық көмекке жүгінген. Олардың 7447-і – Қазақстан азаматы, 1470-і-шетелдік.
Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыровтың сөзіне қарағанда, медициналық қызметтер белгілі тәртіпте және кәсіби тұрғыда жұмыс істеді.