Басты бетМәдениет"Қазақ батырлары"...

«Қазақ батырлары» тарихи фильмі қалай түсіріліп жатыр?

Телехикаяның қоюшы- режиссері Асқар Ұзабаев. Фильмдегі оқиға Қарасай, Ағынтай батырлар жайындағы ел аузынан жеткен аңыздар желісінде дүниеге келген.

30 тамыз күні Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев аталмыш жобаның түсірілім жұмыстарымен танысты.

«Қазіргідей мәдениет жаһанданған заманда өз тарихыңды тану, есте сақтау, сондай-ақ ата-бабамыздың осынау алып мемлекетімізді құру және қорғап қалу үшін қалай күрескендігін білу өте маңызды. Көрермендер бұл телехикая арқылы өткенімізге оралып, ел тарихында батырлардың қаншалықты маңызды рөл атқарғандығын көреді. Түсірілім жұмыстары басталғанға дейін көптеген зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тыңғылықты дайындық жасалды. Біздің шығармашылық топ қазақстандық кино саласында өз орнын табатын картина түсіреді деген ойдамыз», – деді «Хабар» Агенттігі Басқармасының Төрайымы Алмагүл Ахметжанова.

Киноның режиссері Асқар Ұзабаев сериалдың жалпы мазмұны туралы айтып берді.

Асқар Ұзабаев
©Baribar.kz

«Қазақ батырлары» — бұл көпсериалды фильм. Туынды «Хабар» агенттігіндегі бюджетті жобалардың бірі. Сериалдағы басты оқиғалар ХҮІІ ғасырды бейнелейді. Фильмнің басты кейіпкерлері, аты айтып тұрғандай, қазақ халқы мен жерімізді қорғаған қазақ батырлары. Жобада үш батырдың достығы баяндалады. Олар — Қарасай, Ағынтай және Таймас. Рөлдерді жас актерлар Назар Сұлтанбаев, Әшім Ахметов, Жандос Айбасов сомдайды», — деді ол.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұған дейін «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «24 сағат табиғат құшағында» жобаларымен танысқан болатын. Ол «Қазақ батырлары» телехикаясын ерекше мега жобалардың бірі деп атады.

Дәурен Абаев
©Baribar.kz

«Сапалы әрі тәрбиелік мәні бар отандық телехикаяларды көбейту мәселесі жоспарлы түрде жүзеге асып келеді. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» аз уақытта көрерменімен қауышып өз бағасын алатын болады. Үлкен шығармашылық ұжымның табанды еңбегімен түсіріліп жатқан «Қазақ батырлары» телехикаясын бұл саладағы бірегей мега жоба деп айта аламыз.  Биылғы жылы 39 жаңа телехикаяны көрермен назарына ұсынамыз деген жоспарымыз бар», — деді ол.

Министр Дәурен Абаевтың айтуынша, деректі фильмдер топтамасын түсіру де жоспарда бар.

Дәурен Абаев
©Baribar.kz

«Бұлардың сапынан тек тарихи картиналарды ғана емес, барлық жанрларды қамтыған туындыларды кездестіруге болады. Әр фильм жан-жақты сарапқа салынып, зерттеліп-зерделеніп, тарихшы мамандармен кеңесе отырып іске асуда. Сондай-ақ, 25 жыл ішінде еліміздің өсіп-өркендеп қуатты мемлекетке айналғанын көрсететін деректі фильмдер топтамасын түсіру де ойымызда бар. Бұл жобалардың барлығы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру», «Мәңгілік ел» идеяларының аясында жүзеге асады», – деді ол.

2016 жылы ересектер арасындағы джиу-джитсудан әлем чемпионы Мөлдір Мекенбай фильмде Қарасай батырдың ғашығы Бибігүлді сомдайды. Ол киноға түсу үшін атқа мінуді үйренген.

«Кинода Қарасай батырдың ғашығы Бибігүлдің рөлін сомдаймын. Кейіпкерім ауқатты отбасынан шыққан. Түсірілім барысында тарихи фильмдерді, қазақ батырлары туралы көп кітап оқыдым. Сондай-ақ, атқа мінуді үйрендім. Биыл Назарбаев университетінің «Computer Science» мамандығы бойынша 2 курсында оқимын. О.Жəутіков атындағы республикалық физика-математика мектебін «Алтын белгімен» бітірдім.

Көпсериалды фильмнің түсірілімі Алматы облысы, Кеген ауылына жақын маңда өтуде.

Айта кетейік, «Қазақ батырлары» тарихи телехикаясы биыл желтоқсан айында экранға жол тартпақ.