Бірінші курсқа қабылданған студенттерді «балмұздақ«, «перваш» деп атап жатады. Ата-анасынан, үйінен жыраққа аттанған студенттер алғашқы жылдары қиындықтарға жиі кездеседі. Үлкен өмірге аяқ басқан оларға шешім қабылдауды, өз бетінше өмір сүруді үйрену керек. Алып қалаға келгенде адасушылыққа жол бермеу үшін не істеу керек? Қарапайым кеңестер кәдеңізге жарасын.

  • Ең бірінші, қалаға оқу үшін келгеніңді ұмытпа. Сабақ кестесін есте сақтауға тырыс, болмаса суретке түсіріп ал.
  • «Балмұздақтар» үшін ең маңыздысы — аудиторияны  шатаспай табу. Мектептегі сияқты емес, жоғары оқу орнының аумағы тым үлкен.
  • Қайда барсаң да ертерек шық. Қалада кептеліс көп, әр түрлі жағдайға тап болуың мүмкін. Кешігіп барғаннан қарағанда, 10-15 минут ерте барып күткен абзал.
  • Тапсырмаларды мұқият орында. Ұстаздар мектептегідей қадағалап, күнде тексермеуі мүмкін. Алайда, оқу — өзің үшін керек. Тапсырмаларды уақытында орындауды әдетке айналдырсаң, ұтылмайсың.
  • Университетте тапсырманы орындауға белгілі бір уақыт беріледі. Келесі парға дейін деген ереже жоқ. Дегенмен, тапсырмаларды алдын-ала орындап, дайындап қойған дұрыс. Ешқашан соңғы күнге дейін күтпе. «Ертең істеймін» деген студенттердің ең сүйікті сөзі және ең басты жауы.

Абитуриенттер

  • «Апай, апай, мен айтайыншы» деген балалықтан арыл. Біліміңді ішіңде сақта. Тым ақылды болып көрінудің қажеті жоқ. Нағыз ақылдылар емтихан кезінде өздері-ақ іріктеліп шығады.
  • Берілген тапсырманы сенен басқа ешкім орындамаса, өзімшілдікке салынба. Мұндай жағдайда ең дұрысы — орындап келген тапсырмаңды өзгелерге көшіруге беру.
  • Староста, топ басшысы болудың қажеті жоқ. Бұл «Сау басыңа сақина тілеп алумен бірдей». Басқалар үшін емес, өзің үшін жауап беру тиімдірек. Ал өз тобыңның старостасымен дос болған дұрыс.
  • Студенттік шақта уақытты дұрыс жоспарлап үйренген абзал. Ұйқы мен күлкінің азы жақсы. Одан да өзіңе пайдалырақ іспен айналыс.Абитуриенттер
  • Ағылшын тілін үйрен. Студенттік шақтан басқа уақытта мұндай мүмкіндік бола бермейді. Ал ағылшын тілі арқылы қазіргі таңда көп жетістікке жетуге болады. Кейін магистратураға түссең де, жұмысқа тұрсаң да тіл білгеннің зияны болмайды.
  • Жатақханаға тұруға тырыс. Нағыз студент — жатақханада тұрған студент. Жастық шақ, жаңа достар, бірігіп тапсырмаларды орындау, студент шақтағы қызықтар… Осының бәрін тек жатақханадан таба аласың.
  • Дұрыс тамақтан. Студенттік кезең — асқазан үшін ең қауіпті шақ. Жылдам дайындалатын тағамдарға қарағанда, өзің дайындаған тағам әлдеқайда дәмді әрі тиімді.
  • Студенттік шақ қайтып оралмайтынын естен шығарма. Жалындаған жастық шақ — болашақтың бастамасы.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!