Солтүстік Қазақстанда жаңа цех ашылды

Тайынша ауданының Алқап күні аясында Ильичевка ауылындағы «Тайынша-Май» зауытында май тазартатын цех іске қосылды. Оның салтанатты ашылу рәсіміне СҚО әкімі Құмар Ақсақалов пен компания директоры Фан Лунг Фэй қатысты.

«Бүгін май тазартатын цехты іске қостық. Әрі қарай жұмыс істеп, толық қуатына шығуға тырысамыз. Шикізат өндірушілермен, кооперативтермен келісімге қол қойып, экспортқа жұмыс істейтін боламыз, сөйтіп мемлекетке де, кәсіпорынға да валюталық түсім түсетіндей қылып, біздің қатынастарымыздың дамуына үлес қосамыз. Бүгінгі күні бұл – өнімнің осы түрі бойынша өндірістің негізгі бөлігі. Әртүрлі саладағы басқа инвесторларды қосымша тарту арқылы кеспе, ет-сүт өнімдерін өңдеуді жолға қойғымыз келеді. Сосын оларды да экспорттауға болады»,- деді «Тайынша-Май» ЖШС-нің директоры Сәкен Мұхамадиев.

Жаңадан ашылған тазарту цехы химиялық емес. Цехтан шығатын өнімдер барлық қасиетін сақтайды. Зауыт бір күнде 1000 тонна өнім бере алады. Жаңа жұмыс орны 70 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жаңа цехтың қуаттылығы тәулігіне 400 тонна тазартылған өсімдік майын шығару.

«Майлы дақылдардың рентабельділігін көтеру үшін, дәйекті жұмыс қажет. Бүгінгі күні ол Қазақстандағы шикізат өңдейтін және май тазартатын ең ірі зауыт»,- деді тұсаукесер рәсімінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

ДереккөзBaq.kz