Атыраулық жастар Зеленовқа келіп, тәжірибе алмасты

Қай жағынан да, тың идея мен жаңа орта ешқашан артық болмасы анық. Осы орайда көршілес Атырау облысының өкілдері Зеленов ауданына келді. Атап айтқанда, Атырау облысы Махамбет және Мақат аудандық жастар ресурстық орталықтарының жетекшілері Ә.Құрманберлиева мен А.Балашева Батыс Қазақстан облысында қонақта болды.

Мұнда олар Зеленов ауданына ат басын тіреді. Осындағы жастар саясаты шеңберінде атқарылып жатырған жұмыстардың барысымен танысты. Өз аймақтарындағы бағдарлама аясында іске асқан жобалар туралы бөлісті. Сондай-ақ, келген қонақтар түрлі жастарға арналған жобалар, жаңа мекемелерді көрді.

Аудан әкімінің орынбасары Асылұлан Досжановтың қабылдауында болды. Зеленов ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне қанығып, халықтың тұрмыс-тіршілігін білді. Аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Т.Жүніс, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Н.Ешмұратов қонақтарға аудандағы үлгілі мекемелер, соның ішінде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен салынғандарды көрсетті. Атыраулық қонақтар Достық үйін, туризм және экология орталығын, Қ.Аманжолов атындағы орта мектепті, «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы арқылы күрделі жөнделген аудандық мәдениет үйін аралап шықты.

Шара барысында екі облыс жастары мен жетекшілері өзара іс-тәжірибе алмасты. Зеленов аудандық жастар ресурстық орталығының ұжымымен бірлесіп жұмыс істеуге, жобаларды бірге жоспарлауға уағдаласты. Сондай-ақ, шара жастар үшін де, басшылар үшін де жаңа таныстық ортасы болды. Олар келген қонақтармен өзара алдағы уақытта да осындай шараны ұйымдастырып тұруға келісті.

Тоқтар Ғабдірешұлы