Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп делегацияны Астанаға тамыз айының соңында жіберуді жоспарлап отыр. Олардың басты мақсаты — «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін көріп қайту.
Делегация мүшелерінің тізімі Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды.
Онда «Бүгін президент Дональд Трамп Қазақстан Республикасында «Болашақтың энергиясы» тақырыбында өтіп жатқан «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне 2017 жылдың 28 тамызы күні баратын ресми делегацияның құрылғанын мәлімдеді»,- деп жазылған.
Сайттағы мәліметке сүйенсек, делегацияны АҚШ-тың энергетика министрі Рик Перри бастап келеді. Сондай-ақ, тізімде АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол, конгрессмен Кевин Крамер, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісінің орынбасары Лиза Кертис, General Electric пен Overseas Private Investment Corporation өкілдері бар.