«КХДР зымырандық және ядролық бағдарламалары қатер туғызады. Бұл барлық мүдделес тараптарға келіссөздер процесін жаңартып, өзара қолайлы шешім табу қажеттігін тудыруда. Қазақстандық тарап бұл мәселені күшпен емес, диалог арқылы ғана шешуге болады деп есептейді», — делінген ҚР СІМ баспасөз қызметі таратқан Қазақстан мәлімдемесінде.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырыста КХДР Кеңестің барлық қарарларын бұзатын ядролық бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыруына жауап ретінде бірауыздан жаңа қарар қабылдады.
2 371 қарар балиистикалық зымыран сынағына жауап ретінде қолданылған шаралар ішіндегі ең қатал санкцияларды қамтиды. Бұл шаралар Солтүстік Кореяның негізгі экспортына бағытталған және онда көмір экспортына, темір, темір кені, қорғасын, қорғасын кені және теңіз өнімдерінің экспортына толығымен тыйым салынды. Одан бөлек, аталған қарар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бұрын қабылданған қарарларын бұзған КХДР жеке және заңды тұлғаларының санкциялық тізімін кеңейтеді.
Бұрын-соңды болмаған мұндай санкциялық шаралар Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын әрі қарай жалғастыруға арналған қаржылық мүмкіндіктерді шектеу мақсатында оның валюталық кірісінің үштен бірін қысқартуға шақырады.