Қазақстандық оқушы Бразилияда математикадан алтын медаль алды

58-ші Халықаралық математика олимпиадасы 12-ші шілдеде басталып, 23 шілдеде аяқталған.

«Әлемдік додаға Қазақстан Республикасының атынан математика пәні бойынша құрама командасының сапында 6 оқушы бақ сынады. Олимпиаданың қорытындысы бойынша Қазақстанның командасы 4 медальға ие болды. Оның біреуі алтын, екеуі күміс біреуі қола. Сондай-ақ, бір бала ұйымдастырушылардың Құрмет грамотасымен марапатталды», — дейді оқушының жетекшілері.

Мұхаммед-Әли Әмір халықаралық математика олимпиадасын осымен екінші рет бағындырып отыр. Байқау былтыр Қытайдың Гонконг қаласында өткен болатын. Ол сондай-ақ Жәутіков атындағы XIII Халықаралық олимпиадасының алтын медалін, XVI «Жібек жолы» Халықаралық математикалық олимпиадасының күміс медалін иеленді.

Павлодарлық оқушылар химия олимпиадасында да жоғары жетістіктерге қол жеткізген. Тайланд елінде өткен 49-ші Халықаралық химия олимпиадасына әлемнің 76 елінен келген 304 оқушы қатысқан. Солардың арасында төрт медальдің бірін «Білім-инновация» лицейінің оқушысы Темірлан Рахымов иеленді.

ДереккөзPavlodarnews.kz