Жәндіктер шағып алғанда не істеу керек?

Baribar.kz масадан қалай қорғану керектігі туралы жазған болатын. Ал бүгін жәндіктер шағып алғанда не істеу керек, шаққан жер ісіп кетпес үшін қандай алғашқы көмек түрлерін көрсету керек, жәндіктер шағып алса дәрігерге көріну қажет пе деген сауалдарға жауап береміз.

Кез келген жәндік шаққан соң жара пайда болары анық. Сол жара жылдам жазылу үшін мынадай шаралар жүргізген дұрыс:

  • Егер сізді ара шағып алса, алдымен денеде піскек мұрты қалып қоймағанына көз жеткізіңіз. Мейлінше жылдам оны теріден алып тастау керек. Себебі, араның тұмсығындағы у денеңізге жайылып кетуі мүмкін.
  • Жәндік шаққан жерге 15-20 минут салқын компресс немесе мұз басыңыз. Бұл ісіктің бетін қайтаруға көмектеседі.
  • Шаққан орын қызарып немесе бөртіп кетпес үшін арнайы гель немесе жақпа майын қолданыңыз. Егер қала сыртына демалысқа шығатын болсаңыз, шағын дәрі қобдишасын алуды ұмытпаңыз.
  • Жәндіктер шаққанда өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, аллергияға қарсы дәрі-дәрмек түрлерін қабылдауға болады. Бұл дәрігерге жеткенше көмектеседі. Жағдайыңыз нашарлап кетсе, дереу емханаға барып қаралған жөн. Себебі, шағатын жәндіктердің көпшілігі улы болып келеді. У ағзаңызға тарап кетсе немесе қалып қойса, кейін де зардаптары байқалуы мүмкін.
  • Саусақтарыңызды шағып алса, сақина, жүзіктеріңізді, қолыңызды шағып алса, білезіктерді шешіп тастаған дұрыс. Қолыңыз ісіп кетсе, кейін шешіп алу қиынға соғады.
  • Жәндіктер шағып алған жағдайда алкогольді ішімдіктерден аулақ болыңыз. Алкоголь қан тамырларын кеңейтеді, демек удың бойыңызға таралуы жылдамдайды.
  • Егер жәндік дененің аса сезімтал бөлігін шағып алса, зардаптары қиын болуы мүмкін. Мысалы, жәндік ауыз қуысын шағып алса, ісіктің кесірінен тыныс алу, сөйлеу, тамақтану процесі қиындап, адам өміріне қауіп төнуі мүмкін. Егер жедел жәрдем кешігіп жатса, жақын жерде емхана болмаса аздап салқын су ішіп, мұз басу керек.
  • Ең қауіптісі — аллергия. Мысалы, қалақай көбелек (крапивница)  шағып алған жағдайда денеде бөртпе пайда болып, дене дуылдап қышыса жедел жәрдем шақырып, тыныштандырғыш дәрі қабылдаған жөн. Әйтпесе, у бүкіл денеге жайылып, анафилаксиялық шок алу қаупі бар. Бұл адам өміріне аса қауіпті.

Қандай жағдайда жедел жәрдем шақыру керек?

  • Егер тыныс алу қиындаса;
  • Бас айналса;
  • Зақымданушы есінен танып қалғанда;
  • Жүрек соғысы жиілеп кетсе;
  • Жүрек айныса немесе құсқан жағдайда;
  • Дененің жәндік шаққаннан басқа жерлерінде бөртпе пайда болғанда.

Жәндіктердің шағуынан қалай сақтануға болады?

Жаздың күні, әрине, жәндіктерден сақтану қиынға соқпақ. Алайда, қарапайым қағидаларды сақтау арқылы олардан қорғануға болады.

  • Табиғат аясында жиі тамақтанбауға кеңес береміз. Әсіресе, жәндіктер тәтті тағамдар мен сусындардың иісін жақсы көреді.
  • Жалаң аяқ жүрмеуге тырысыңыз. Себебі, жерде неше түрлі жәндіктер жүреді. Егер оларды байқамай басып кетсеңіз, олар да қарап қалмайды. Сондықтан, жағажайда да абай болыңыз.
  • Мейлінше, жеңі мен етегі ұзын киімдер киіңіз. Жәндіктер көбінесе дененің ашық жерлерін шағады.
  • Жаздың күні иіссу пайдаланатындарға жәндік атаулы үйір келеді. Сондықтан, иіссу, тәтті иісті кремдерді азырақ пайдаланыңыз. Есесіне, иісі жағымды болмаса да, масаға, жәндіктерге қарсы кремдерді жағып жүру артық етпейді.
  • Жәндіктер шоғырланған жерлерге, құмырсқа илеуінің жанына, бал арасының ұясына жақындамаңыз. Олар қорғану үшін бәріне де барады.