Қарулы Күштердің қазіргі әлеуеті туралы

Қарулы Күштер үшін 25 жыл аз ба, кем бе? Аз деп те айта алмайсыз, көп те емес. Бастысы, Қарулі Күштер өз Отанымен бірге өсіп келеді. Әскер сабында тұрған әрбір сарбаз Отан алтында ант берді. Әрбір ер баланың парызы — Отанды қорғау. Сол себепті, әскер қатарында жүрген әрбір сарбазға мен басқаша көзқараспен қараймын.

Қарулы Күштерді құру оңай болған жоқ. Алған егемендігімізді қорғау керек болды. Біз Потсдам қаласында полк командирі болып жүргенде, КСРО-ның тарайтынын естідік. Ол кезде мені жоғарғы қызметке даярлап жатқан еді. Бірақ, бұл хабарды, еліміздегі әскери комитетті Сағадат Нұрмағамбетов басқаратынын естігенде шүкірлік еттім, еліме қайтқым келді. Содан бастап Қазақ елінің әскери сабына тұрдым.

Бақытжан Ертаев, Халық Қаһарманы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
Бақытжан Ертаев, Халық Қаһарманы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ©Baribar.kz

Алғашқы уақыттарда әскери кадрлар мен Кеңес кезіндегі әскери қару-жарақтарды сақтап, білім мен жаттығуды ұмытпау керек болды. Біз бұл қиындықтарды жеңдік. Алғашқы жылдардан бастап Елбасымыз Қарулы Күштерді ұмытқан емес. Әрдайым бізге қолдау білдіріп, сенім артты. Сол сенім бізге күш берді.

Алғашқы әскери кадрлар қалай жиналды?

Отарда офицерлердің үш айлық курсын аштық. Германия, Түркия, Франция, Америкаға, Ресейге сарбаздарымызды әскери оқуға жібердік. Алматыдағы әскери училищені тыл, артиллерия деген сияқты көп салалы еттік. Ақтөбедегі ұшқыштардың училищесін сақтап қалдық. Қазір ұшқыштарымыз сол жақта да даярланады. Халқымыздың үш жүзден тұратыны сынды жалпы және ұшқыштар, теңіз әскерінен тұратын үш жүздік әскер құрдық.

Сөйтіп жүргенде әскери комитет Бас штабқа айналды. Нұрсұлтан Әбішұлының қолдауымен, Бас штабты басқару жауапкершілігі маған жүктелді. Қазіргі Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов сол кезде менің көмекшім болды. Біз үлкен реформалар жасадық. Қазақстан Республикасының әскери округтерін құрдық. Қазір, білесіздер, төрт әскери округ бар: Шығыс, Батыс, Оңтүстік және Астана аймақтық басқармалары.

Әскери адам формасымен емес, кәсібилігімен мақтануы керек. Өз ісін жүрегімен сүюі керек.

Қазір Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылды. Кім не десе де, біздің Қарулы Күштеріміз 25 жылдың ішінде өсті. Бізде заманауи қару-жарақтардың, техникалардың бәрі бар. Оны айту керек.

«Әскер қатарына қабылдаудың тәртібі мен ережелері өзгерді»

Ер-азамат Отан алдында ант беріп, қызмет етуі керек. Бұрын әскерге денсаулығына, бойына қарап алса, қазір біліміне де қарайды. Себебі, әскери техникалар бұрынғыдай емес, өзгерді. Енді біз киберқылмысқа, экстремизм мен терроризмге де қарсы шығып, жүген салуымыз керек. Сол себепті әскер қатарына алынатын жастардың көзі ашық болуы маңызды. Әрбір жас әскерге жоғарғы біліммен келсе, ол Қарулы Күштеріміздің әлеуетін көтере түседі.

Әскерге бару немесе әскери кафедра

Қазір әскери кафедраға оқуға жігіттер топ-топ болып барады. Бірақ кафедраны бітіргендер қайда барып жатыр? Өзінің бітірген саласына емес, полицияға, салық полициясына жұмыс істеуге барады. Меніңше, әскери кафедраға оқуға келгендерден ант алып, «Кафедрада оқып, осы мамандықты алып шыққаннан кейін, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде үш жыл жұмыс істеймін» деген келісім-шарт жасау керек. Егер істемесе, Үкіметтің оқытқан ақшасын қайтарып береді.

Бақытжан Ертаев, Халық Қаһарманы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
Бақытжан Ертаев, Халық Қаһарманы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ©Baribar.kz

Содан кейін 40 күндік әскер деген шықты. Мен оған қарсы шыққанмын. Бірақ, былай қарасаңыз, оның өзі бұрын аймақтық қорғаныс батальоны болған. Жастар әскер қатарынан тез-тез өтіп жатыр. Кішкене болса да, әскери өмірді көріп, тәртіпке түсті. Бірақ, бұл процесс уақытша болуы керек.

Әскерге барғандар мен әскери кафедра түлектерінің шені туралы

Әскерге барып, қатардағы жауынгер болып қана оралатындар бар. Жай ғана әскери кафедрада оқып, офицер шенімен шығатындар бар. Оған шағым да көп. Дұрыс. Бірақ, бәрін теңестіруге болмайды. Біздің кезімізде де сондай болған. Қазіргі заманда бізге әр нәрсеге икемделе білу керек. Бәрі уақытша, түзеліп кетеді. Мысалы, біз Ауғанстанда соғыстық екен деп, бармағандарды кемсіте алмаймыз. Сол сияқты әркімнің өзінің тағдыры бар, сол себептен әскери кафедраны бітіргендерді кінәлауға болмайды.

«Жастарды кінәлауға болмайды»

Әр шаңырақтың өзінің тарихы бар. Тарихсыз ел де, адам да жоқ. Болашақтың есігін тарихқа сүйене отырып ашуымыз керек. Сараптама жасамастан, шешім қабылдауға болмайды. Мысалы, дәрігер аурудың анализдерін алмастан, емдей алмайды ғой. Сол сияқты.

Кейбіреулер «жастар бұзылып кетті» дейді. Біздің кезімізде де солай деп айтатын. Ол кезде біздер кең етекті шалбарлар киіп, вальстен өзге биді мойындамайтын едік (күліп). Әрбір жастың өз уақыты, өз заманы бар. Жастарды кінәлауға болмайды. Олар біз — үлкендер жасап берген еркіндіктің, демократияның берген заманауи өмірін сүреді. Ал, жастарды бетіне жіберіп алсақ, оған өзіміз кінәліміз. Демек, керек жерінде керек уақытта қастарынан табылып, қолдау көрсете алмағанбыз.

Бақытжан Ертаев, Халық Қаһарманы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
Бақытжан Ертаев, Халық Қаһарманы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ©Baribar.kz

Жастарымыз бұрыс жолға түсіп кетсе, қылмыс жасаса, оған кедейлік себеп болған. Ал, кедей деп, менің ойымша, өз елінің тарихын білмейтін адамды айту керек. Екіншіден, алдына мақсат қойып, оған жету жолын білмейтін адамды да осы қатарға жатқызуға болады.

Мен «Ардагерлер бейбітшілік үшін» Халықаралық ұйымының вице-президентімін. Осыдан төрт жыл бұрын Венадағы басқосуда «Бейбітшілік дарабозы» («Рыцарь мира») атты марапатқа кімдер лайық деген ұсыныс болды. Оған әлемнің 38 елінен генералдар қатысты. Бәрі өз елінің президентіне осы атақты алып бергісі келді. Бірақ мен сол жерде өзіміздің Елбасымызды ұсындым. Қатысушылардан: «Сіздердің қайсыларыңыздың президенттеріңіз ядролық қарудан бас тартты?»,- деп сұрадым. Үнсіздік. «Менің президентім!»,- дедім. Тағы да: «Қай елдің президенті бірінші болып көп векторлы саясатты ұстанды?»,- деп сұрадым. «Біздің президентіміз»,- дегенімде, бүкіл зал тұрып, қол соқты. Солайша, біздің президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы «Бейбітшілік дарабозы» атанды. Қалай мақтанбайсың?!

Патриотизм туралы

Мен, қазақ подполковник, Германиядағы бір полкті басқардым. Рейхстагқа кірген кезде үнемі кеудемді мақтаныш кернейтін. Себебі, ол жерде менің ата-бабам ту тіккен. Ал, полкім «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы» деп басталатын әнді қазақ тілінде жатқа шырқайтын. Ол кезде мен бұл әннің Қазақстанның әнұраны болатынын білген жоқпын.

Шүкір, тәуелсіздікке жеттік. Қазіргі жастар бақытты.

Патриот деген — өз отанына, халқына зияны тимейтін адам. Ол тәртіпті, тыныштықты бұзбайды, конституция бойынша өмір сүреді, дінін сыйлайды.

Патриот ешқашан өсек әңгімелерге жол бермеуі керек. Біз — осы елдің иелеріміз. Әрбір адам қоғамдық орындарда түкірмей, темекісін лақтырмай, былапыт сөз сөйлемесе, ол да — патриотизмнің көрінісі. Патриотизм бізідң бойымызда қалай пайда болды? Каспий теңізінен бастап Алтайға дейінгі аймақты басқарып, билеген халықтың ұрпағы екенімізді білгенімізден. Қаһармандығымыз қайдан пайда болған? Бабаларымыздың жекпе-жектерге шыққан, ержүрек болуынан. Сол себепті әрбіріміздің жүректерімізде  «мен — Қазақстандықпын!» деген мақтаныш сезімі болуы керек. Егер осы сезім үнемі бізбен бірге жүрсе, бұл еліміздің болашағының жарқын екеніне сенуімізден болмақ.

«Жастарды құтару керек!»

Неге? Себебі, ауылдарда жұмыс жоқ. Қалаға келген жас базарға барады, вокзалға барады — орын жоқ. Жоғары білім алуына ақша керек. Әскерге өте алмайды. Себебі, әскерге қабылдау ережелері, талаптары өзгерді, қатайды. Ал, назардан тыс қалған жастар еріксіз қылмыс жасайды. Себебі, ауылда қалған ата-анасы одан не істеп жүргенін сұрайды. Құрылысқа барса, алмайды — тәжіктер мен өзбектерді ғана алады.

Бұл мәселені үш жыл бұрын парламентте де көтердім. Жастардан бұрынғы құрылыс батальондары сияқты инженерлік бөлімдер құру керек. Олар не істейді? Біріншіден, Отан алдында ант береді. Екіншіден, оларға түрлі жаттығулар жасатылып, оқу оқытылады. Ол — білім. Үшіншіден, әскери темірдей тәртіптен өтеді. Төртіншіден, краншы, бояушы сынды тағы да басқа мамандықтарды алып шығады. Есесіне, ақша табады. Қараңыздаршы, еліміздегі Ембі сынды гарнизондар иесіз қалған. Оларды бұзып, соған зәру жандарға таратып береді. Бұл бюджетке салмақ салмайды, керісінше, көмек болады. Есесіне, жастар жұмыспен қамтылған, ақша табады. Бұл бөлімнен өткендер жоғары білім алады, шен алады, құрылысшы да бола алады.

Мұндай бөлімдерде әлімжеттік болады дейтіндер бар. Оларға айтарым: мен взвод  командирінен Қорғаныс министрлігіне дейін көтерілген адаммын. Командир өз сарбазына баласындай қарап, оны солай тәрбиелесе, сарбаздар да оған әкесіндей қарым-қатынас танытады. Қол астымнан миллиондаған сарбаз шықты. Солардың арасында ешқашан әлімжеттік болған емес. Мен әрбір сарбаздың ата-анасымен хат алмасып, әрқайсысымен жеке жұмыс істейтінмін.

Бақытжан Ертаев, Халық Қаһарманы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
Бақытжан Ертаев, Халық Қаһарманы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ©Baribar.kz

«Әскери жолға қалай келдім?»

Оған ең бірінші Бауыржан Момышұлы туған ауданда дүниеге келуім себеп болған шығар. Бала кезімізде біреудің әскерден келе жатқанын естісек, алдынан бірінші болып күтіп алуға тырысатынбыз. Сонда бар ойлағанымыз — сарбаздың бір түймесін болса да алу еді. Ол саған бас киімін берсе, сенен асқан бақытты жан болмайды. Ондай кезде өзіңді жауды қырып тастаған генерал сезінесің (күліп).

Мен әкемді көрмедім. Ол өмірден өткенде небәрі сегіз айлық нәресте болыппын. Қой да бақтым, егінге де шықтым. Бала кезімде демалып көрмеппін. Көршіміз баласын ұрып жатқанын көрсем, жылайтынмын. Анам себебін сұрағанда, мені ұрып, жөнге салатын әкемнің жоқ екенін айтатынмын. анам ешқашан қол көтерген емес.

Біз — тарихты сүйетін, әкелерді құрметтейтін халықпыз.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Алихан Түйебаев

6 пікір

  1. Құдай қаласа келісімшарт бойынша армияда істеуге құжаттар жинап жатырмын.

  2. Мен жалгыз ұлымды әскерге жіберуге қорқамын. Не себепти екенін айтпаса түсінікті әлімдетіктің кесиринен үйіне оралмай жатқандар қаншама

  3. Қай заманда да сол заманның жастарына көңіл толмаған)))))

  4. Әскери кафедрада 2 жыл оқып лейтенант шенін алдым өзім әйтеуір

  5. Бақытжан аға өте дұрыс айтады.Бұл деген қоғамға да,оқу бітірген жастарға да өте зор пайдалы .Оқу бітірген жастардың барлығы бірдей жұмысқа тұра алмайды ғой.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!