«Ресей-Қазақстан инвестициялық диалогы: ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер» атты бірлескен іскерлік конференциясы барысында Қазақстан мен Ресейдің компаниялары арасында («Шымкент» ӘКК», «PoliPlast» ЖШС және «Полипласт» АБҚ, UMG компаниялар тобы) ынтымақтастық жөніндегі екі меморандумға қол қойылды.
Атап айтар болсақ, Қазақстан және Ресей тараптары қол қойған меморандумның бірі «Жылыжай ұжымағы» жобасын жүзеге асыруға қатысты. Бұл ОҚО жеріне жылыжай құрылысы технологиясын бейімдеу жобасы.
Жобаны жүзеге асыруға қажетті инвестициялық салым 150 млн доллар шамасында, оның 100 млн-ы ресейлік серіктестіктер тарапынан инвестиция ретінде келеді.
Екінші ынтымақтастық туралы меморандум — 2016 жылы ресейліктер тарапынан Оңтүстік Қазақстан облысында экскаватор құрастыру зауытының құрылысын салуға қатысты.
Т. Алпысбаевтың айтуына қарағанда, қажет етілетін жағдайды қалыптастыру үшін талап етілетін инвестициялық қаржы — шығындар мен құрылғыларды есепке алмағанда бес миллион доллар шамасында болады.
«Аталған жобалар Елбасы тапсырмасымен қолға алынған — Ұлт жоспары және бұрын белгіленген бағдарламалар аясында жүзеге асырылуда. Біз оның өңірлік деңгейде жүзеге асырылуының жолдарын қарастырудамыз», — деп атап өтті қазақстандық компанияның жетекшісі.