“Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания болып табылады.
2013 жылы энергия үнемдейтін жарық интенсивтілігі жоғары электр газдық разрядты шамдар жасаған болатынбыз. Оны Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке де көрсеттік. Сол жылы Алматы инновациалық форумында «Ең үздік әлеуметтік жоба» номинациясы бойынша 1-орынды алдық. Содан кейін докторантураның бағдарламасымен шетелге оқуға кетіп қалдым. Сөйтіп, білімімді жетілдірдім.
Қазіргі зерттеп жатқан тақырыбымыз — тозаңды плазма және нанотехнология. Заттың төрт күйі бар екенін білесіздер ғой? Газ, сұйық, қатты және плазма. Біз сол плазманы зерттейміз.
Биылдан бастап Елбасының арнайы бағдарламасымен Қазақстанда термоядролық реакцияны жүргізетін «Токамак» деген үлкен қондырғы іске қосылды. Қондырғы сутегінің изотоптарынан Күннің энергиясындай энергия алады. Ол — ITER халықаралық термоядролық реакторының бір бөлімшесі. Оны Жапония, Франция, АҚШ, Ресей, Оңтүстік Корея сынды алып мемлекеттер құрған. Енді ол еліміздің Курчатов қаласында іске қосылды.
«Токамакта» энергия алу кезінде реакторларының қабырғалары мүжіледі екен. Сол мүжілген қабырғаның бөлшектері қондырғының ортасындағы плазмаға түседі де, оның қасиеттерін өзгертіп жібереді. Мысалы, плазма таза болған кездегі есептеулер басқа болса, бөлшектер араласқан кездегі қасиеті тіптен басқа болып шығады. Сол себепті де есептеу күрделеніп кетіп, ғалымдар қиындықтарға тап болып жатыр.
Бұл тозаңды плазманы зерттеу 1990 жылдардан бастап қолға алынды. Солар жайында әртүрлі мақалалар жазылды. Оны зерттеу ғылыми бірлестік үшін өте қызықты есеп болды. 2005 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі физика-техникалық факультетінде Рамазанов Тілекқабыл Сәбитұлы деген ғалымның жетекшілігімен тозаңды плазманы зерттеу тобы Қазақстанда да құрылды.
Тозаңды плазма дегеніміз — құрамында тозаңды микро немесе нанобөлшектері бар плазма.
Тозаңды плазманы зерттеудің қоғамға пайдасы қандай?
Осы уақытқа дейін тозаңды плазманың негативті жақтарын зерттеп келдік. Плазмада тозаңды бөлшек пайда болған кезде, оның құрамын өзгертіп жібереді де, бүкіл жұмыс жүйесін істен шығарады. Мысалы, менің диссертациям осы плазмалық ортадағы нанобөлшектерді синтездеу бойынша жазылды. Оны неге зерттедім? Өйткені, сол кездерде Intel компаниясы жасаған процессорлардың 60 процентіне жуығы іске жарамсыз болып қалды. Сосын компания басшылары бұл ақаудың қай жерден кетіп жатқанын табу үшін ғалымдарға жүгінді. Ал, нанотехнологиямен айналысатындар скафандр киіп алып, ешқандай шаң-тозаң кірмейтін жерде жұмыс жасайтыны белгілі. Ғалымдар лабораторияның бір жерінде шаң-тозаң тұрып қалған болар деп ойлайды да, бүкіл бөлмені тазартады. Вакуумдық жүйесі істен шыққан болар деп, оны дұрыстайды. Бірақ ақау қайталана береді. Ғалымдардың бас қатады. Сол кезде Селвин деген ғалым оның шешімін табады. Сөйтсе, мәселе мынада екен: процессор бірнеше қабат нанопленкадан құрастырылады. Соны жасау барысында реактивті газдың әсерінен нанобөлшектер өсіп кетеді екен. Олардың көлемі 50 нанометрден асқанда, процессор істен шығады. Бұл анықталған соң, ғалымдар нанобөлшектердің өсу процесін зерттей бастады. 50 нанометрге дейінгі бөлшектерді қарастырса, синтезге кедергі келтірмейтінін анықтайды. Енді процессорлардағы нанобөлшектердің көлемі 50 нанометрге жеткенше қолданылып, елуге жеткен соң, оны алмастырып, импульсті жұмысқа көше бастайды.
Қазіргі таңда нанотехнология саласы дамығаннан кейін, «нанобөлшектерді алу» деген ұғым пайда болды. Мысалы, соңғы кезде жиі жарнамаланып жүрген аяқ киімді су қылмайтын спрейлерді білесіздер ме? Соның ішінде нанобөлшектер бар. Яғни, спрей май мен нанобөлшектерден тұрады. Сепкен кезде, май кеуіп кетеді де, нанобөлшектер аяқ киімнің бетінде жабын болып қалады. Сумен байланыс жасаған кезде, нанобөлшектер суды кері итереді. Сол сияқты, нанобөлшектер медицинада да, басқа да көптеген салаларда қолданылады.
«Ғылымды бірден өндіріске беру мүмкін емес»
Біз нанобөлшектерді гидрофоб және гидрофильдерде, яғни су жұғатын және су жұқпайтын беттерде қолдануды зерттеп жатырмыз. Мысалы, қыста баспалдақтарға мұз қатып, көптеген адамдар аяғының тайып құлауынан жарақат алып жатады. Егер сол баспалдақты суық түспей тұрып, нанобөлшектермен қаптап қойса, су жұқпайды, мұз да қатпайды. Қазір соған байланысты ұсынысымыз бар. Шығыс және Солтүстік Қазақстан жақтағы жоғары вольтты желілерге мұз қатып қалады. Жақын арада Шығыс Қазақстан облысында осындай желілер үзіліп кетіп, бір жарым ай бойы жарық болмаған еді. Сол кезде жоғары вольтты желілерге мұз қатып, үзіліп құлаған екен. Біз соларды нанобөлшекті қаптамамен қаптасақ деп жүрміз. Ол алдағы жоспарымыз. Бұл туралы жергілікті мекемелерге әлі ұсынған жоқпыз. Оның қазір тек лабораториялық үлгісі ғана бар. Ең бірінші біз жобаны зерттейміз, арнайы ғылыми бірлестіктерге мақала жазамыз, патент аламыз. Содан кейін лабораториялық үлгісін, сосын қолданыс алдындағы үлгісін жасап барып, кейін қолданысқа енгіземіз.
«Энергия үнемдегіш шамдар денсаулыққа зиян»
Себебі, ондай шамдардың барлығының дерлік ішінде сынап қоспалары бар. Ол адамның ағзасына зиян. Олар жарылса, қатерлі ісік тудырып, кейбір жасушалардың өсуін тоқтатып тастауы мүмкін. Мысалы, бір лампа жарылып қалса, төрт қабатты бірден улауға қауқары жетеді. Сынап бір бұрышқа кіріп алып, буланып жата беретін қасиетке ие. Ал, біз өзіміздің интенсивтілігі жоғары шамдарымызды жасауды екі тұрғыда қарастырып отырмыз: бірі — сынапты қосу, екіншісі — қоспау.
Сынап қоспай жасалған нанобөлшекті шамның жарығы қарапайым шамнан 1,5-2 есеге артық. Егер де оған сынап қосса, оның интенсивтілігі арта түседі. Ал, сынапсыз болса, жарылып кеткен күннің өзінде ешқандай зияны жоқ. Қазір осы шамдардың өндіріс алдындағы нұсқасын жасап қойдық. Бірақ әлі де зерттеу керек.
Бұл шамның әлемде аналогы жоқ. Интенсивтілігі жоғары шамдар бар, бірақ нанобөлшекті шамдар жоқ.
Қазір осы шамдарды жасап, оның құрамын зерттейтін тобымызда 15 адам бар. Ал, жалпы тозаңды плазманы зерттеуде 40 шақты адам бармыз. Оның ішінде шетелдік ғалымдар да бар. Мысалы, менің жетекшім Лайфа Буфенди деген франциялық ғалым бізбен бірге жұмыс істейді. Сол кісілермен тәжірибе алмасамыз. Шетелдерге шығып, бір-екі ай тағылымдамадан өтіп тұрамыз.
PhD-докторантураға оқуға түскен кезде бүкіл өмірімді ғылымға арнайтынымды шешіп қойғанмын. Алдағы уақытта осы салаларды зерттеуді жалғастырып, өндіріске енгізе алатындай дәрежеге жеткізуім керек. Сосын тың бағыттарға бет бұрғым келеді. Нанобөлшектерді медицинаға алып келіп, сутегі энергетикасында өзімді сынап көрсем деймін.
«Қарапайым орта мектепте оқыдым»
Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданындағы қарапайым орта мектепте білім алдым. Кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға грантқа түстім. Ғылым саласына келемін деп ешқашан ойламаппын. 1-курста оқып жүргенде ғарыш саласына қатты қызықтым. Сонда ауысқым келді. Бірақ 2-курста ол ойымнан айныдым. Себебі, Тілекқабыл Сәбитұлы сабақ беріп жүргенде, мені өзінің командасына шақырды. Бір жағынан қиын сала деп те ойладым, бірақ ағайдың сабағы өте әсерлі болып өтетін. Соны ойлай келе, келістім. Бірге жұмыс істеп көргім келді. Бір жылдан кейін менің ғылымға деген қызығушылығым арта бастады. Ары қарай магистратураға, докторантураға түстім. Ғылымды түсіне бастадым.
Ғылым — бір жағынан өзіңнің рухани байлығың, екінші жағынан — адамзаттың дамуына үлес қосу.
«Шетелге жұмысқа шақырса…»
Шетелге жұмысқа шақырып та жатыр. Бірақ біз онда тек тәжірибе жинауға ғана баруымыз керек. Сондықтан, менің шетелге барып, бір-екі жыл болса да, постдокторлықты оқып келгім келеді. Оған мүмкіндік те болып тұр, алайда белгілі бір себептермен әлі бара алмай отырмын. Біз, жастар, шетелге барып, олардың тың тәжірибесін Қазақстанға алып келіп, еліміздегі жас мамандарды тәрбиелейтін болсақ, елімізге пайдамыз тиер еді.
Салыстыру: ғылымға қаншалықты көңіл бөлінеді?
Еуропада ғылымға қатты көңіл бөлінеді. Мысалы, мен Франциядағы Орлеан университетіне бардым. Ол көп салалы өте үлкен оқу орны. Ғылыммен айналысуға барлық жағдай жасалған. Өйткені қажетті қондырғылардың бәрі жаңа, керегі бар. Ал, біздің мемлекетіміздің тәуелсіздік алғанына аз ғана уақыт болғандықтан, ғылым саласы енді дамып келеді. Бірінші, жастарды білімге баулу керек. Жастар білімді болса, ақырындап, ғылымға деген қызығушылық та артады. Әйтпесе, біздің ғылымымыз біршама артта қалып кеткен.
«Нобель сыйлығын алғым келеді»
Арман-мақсатты сатылы түрде қоямыз (күліп). Қазақстанның үлкен ғалымы болғым келеді… Арнайы мемлекеттік сыйлығын алсам… Академик, профессор болсам… Нобель сыйлығын алсам… Бірақ, мақсат қойған кезде тым қиялға берілмей, реалистік тұрғыда қою керек. Мысалы, мен осы плазма саласында жүріп, ғарышкер болуды армандасам, оның орындалмайтыны айдан анық. Сондықтан, белгілі бір кішігірім мақсат қойып, оған қол жеткізген соң, келесі ретте одан жоғарырағын қоясың. Солай кете береді…
«Кәсіпкерлер мен ғалымдар арасына «алтын көпір» керек»
Біздің елімізге кәсіпкерлер мен ғалымдардың басын біріктіретін, оларды бір-бірімен байланыстыратын бір орталық керек. Өйткені, ғылымымыз жеке, кәсіпкерлігіміз жеке дамып жатыр. Кәсіпкерлер таза алып-сатумен айналысып кетті. Солардың басын қосу керек. Себебі, мемлекетіміз әбден зерттелген, өндіріске дайын тұрған ғылыми жобаларға ғана қаражат бөледі. Жаңадан басталған зерттеулерге қаражат табу қиын. Кәсіпкерлер өздерінің ұсыныстарын білдірсе, ғалымдар соны зерттейтін еді. Яғни, ғылымды кәсіпке айналдыра білу керек. Мысалы, шетелдерде ғалымдар зерттеу нысаны болашақта табыс әкелмейтін болса, оны зерттемейді.
«Ғылым адамның жалқаулығынан дамитын сияқты»
Технология дамыған сайын, адам жалқауланып бара жатыр. Кейде ғылымның дамуы да адамның жалқаулануынан келетін дүние сияқты көрінеді. «Сурагаты» деген кино бар ғой. Адамзат сол фильмдегідей болып кете ме деп үрейленемін.
Бүкіл адамзат белгілі бір үлкен қаржы магнаттарына жұмыс істеп жатқандай. Себебі, қазір бәрі фейсбук, уатсап, инстаграм сияқты әлеуметтік желілерге «отырып» алған. Ал, олардың иелері адамдардың уақытын ақшаға айналдырып жатыр. Уақыт — ол қаржы. Уақыт — ол байлық. Жастар сол байлығын шашып жатыр.
Қазіргі жастар телефонсыз бір сағат та отыра алмайтын сияқты. Мен өзімді де әлеуметтік желілерден шектеуге тырысамын. Соның өзінде бір отырғанда жарты сағатым босқа кетіп қалады. Сол мәселе мені толғандырады.
Бұлай кете берсе, болашақта адамдардың бәрі білімсіз болып кетуі мүмкін. Ал, білімсіз адамды басқару өте оңай.
«Ғылымға еңбек керек»
Ғылым еңбекқорлықты қажет етеді. Ешқашан уақытты босқа өткізбей, тек қана білім жолында жұмыс істейтін болсаңыз, бірталай жетістікке жетуге болады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді ғой. Сондықтан, тек қана еңбек, еңбек, еңбек. Қазіргі таңда ғылымға келемін деген кез келген жасқа жол ашық. Интернетте бәрі бар. Тек соларды оқып, ары қарай дамытып, толықтырулар енгізудің өзі — ғылыми жаңалық. Мысалы, қарапайым фотоапаратты алайық. Егер сіз оны адамның эмоциясына қарай өздігінен суретке түсіретін қылып жасап шықсаңыз, ол да ғылыми техникалық жаңалық болып шығады.
«Қазақстандағы ғылымның тілі — орыс тілі»
Біздің салада қазақ тіліндегі ғылыми мәліметтер базасы өте таяз. Физика саласы бойынша қазақша кітаптарды табуға болатын шығар. Ал, нанобөлшекті плазма туралы қазақ тіліндегі мәліметтерді таба алмайсыздар. Оны біз жазбасақ, жастар жазбаса… Алдыңғы буын орысша оқып, орысша тәрбиеленген кісілер болғандықтан ба, еңбектері орысша жазылған. Қазір Қазақстандағы ғылымның тілі — орыс тілі ғой. Кейін ағылшын тілі болатын шығар…
Ғылымға келген кезде тілді білу міндетті. Қазақ, орыс, ағылшын тілін міндетті түрде білмей, жақсы ғылыми дәрежеге жету қиындау.
Өзім ана тіліммен қоса, орыс, ағылшын тілдерін білемін. Францияда қалып қойсам, нан алып жеуге жететіндей сөздік қорым бар (күліп). Ағылшынды сол тілдегі видеоларды көру арқылы үйрендім. Алайда, әркімнің қабылдауы әртүрлі болады ғой. Біреуі естіп, біреуі көріп, біреуі жазып қабылдайды. Сол себепті әркімнің әдіснамасына бір сүйенбей, адамның өзі ізденуі керек.
Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт, суреттер Ақжарқын Қыдырханова
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.
Ернур не жазып кеттің бұл ғылыми сұхбат. Тек муз ұатпау емес жарық туралы да жазылған ғой дұрыстап оқышиш прикол үстамай.
казактар нобель сыйлыгын сира алар ма екеен арманы керемет))))))))))))))
баспалдактарга муз катпайтындай жасайтын болса, кыста зардап шегушилер азаяды гой
Мұз қатпайтын теxнология дегені ұнпды
Нанотеxнология тагы сондай сиякты создерди тук тусинбкйди екенмин. Бирак айткандары унады
Энергия үнемдейтин лампалар қымбат турады гой
Ғылыми кітаптардың басым бөлігі әлі күнге орысша. Аудармашылар не қарап жүр екен??????
Молодец ауылдан небір данышпандар шығады осы
Жастар ғана емес үлкендерде интернетке тәуелді
Жастар керисинше қазир білімді ізденімпаз деп айтар едим
Жақсы ақша төлесе неге шетелге бармасқа?
онда кыздардың каблуктары да сынбайды деси