EXPO-2017 көрмесінің ашылу рәсімі басталды

Халықаралық көрменің ашылуына 20-ға жуық елдің басшылары мен үкімет басшылары, министрлер қатысуда.

ЭКСПО аумағына бірінші болып Чехия Республикасының Президенті Милош Земан келді. Содан кейін Н. Назарбаев ЭКСПО қалашығы аумағына жеткен Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-Министрі Ксавье Беттельді, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевты, Армения Президенті Серж Саргсянды, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевті, Сербия Президенті Александр Вучичті, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Модиді, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді, Беларусь Президенті Александр Лукашенконы, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдоржды, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұxамедовті, Пәкістан Премьер-Министрі Наваз Шарифті, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды, Испания королі Филипп VI, сондай-ақ Ресей Президенті Владимир Путинді қарсы алды.

Халықаралық көрменің ресми ашылу салтанаты Конгресс-Орталығында өтеді және Амфитеатрдағы концерттік бағдарламамен жалғасады. Концерт аяқталған соң көрермендер Сферадағы проекциялық лазерлі шоуды және таңғажайып отшашуды тамашалайды.

Еске сала кетейік, «ЭКСПО-2017» — ТМД елдерінде алғаш рет өтіп жатыр.

Ұйымдастырушылардың ақпаратына сай, үш айда Астанаға 2,4 миллион адам келеді. Олардың 15 проценті — шетелдік туристер.

ДереккөзInform.kz