Басты бетЖаңалықтарМұхтар Әбілязовті...

Мұхтар Әбілязовті 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты

«Әбілязов кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айыру мен 300 АЕК көлеміндегі айыппұлды төлеу жазасына кесілсін. Бұдан бөлек, оның барлық мүлкі тәркіленіп, үш жылға дейін банк қызметімен айналысуға тыйым салынсын. Ал жазаны өтейтін мекемеде қауіпсіздік шаралары барынша қатаң болуы шарт», — деді судья.

Әбілязовтың сыбайласы Жақсылық Жарымбетов 5 жылға шартты түрде сотталды. Сондай-ақ ол 300 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеліп отыр. Оған да үш жылға дейін банк қызметімен айналысуға болмайды.

Қайрат Садықов 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Оны сот залынан бірден түрмеге әкетті. Бұдан бөлек, Садықов 300 АЕК көлемінде айыппұл төлеп, барлық мүлкін мемлекетке тапсыруы тиіс.

Ал Сәдуақас Мәмеш 5 жылға сотталды. Алайда ол өз жазасын шартты түрде өтейді.

Айта кетейік, 3 сәуірде Алматыда БТА банкі бойынша сот отырысы басталған болатын.  Оған Әбілязовтың бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов, несиелендіру бойынша директоры қызметін атқарған Қайрат Садықов және басқарманың экс-төрағасы Сәдуақас Мәмеш қатысты.

Әбілязовқа қатысты сот үкімі сырттай шығарылды. 2009 жылдан бері бұрынғы банкир шетелде бой тасалап жүрді. Қазіргі кезде ол Францияны мекендеп жүр.

Бұған дейін «БТА Банкі» АҚ-ның басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов арнайы баспасөз мәслиxатын өткізіп, өзіне қатысты таралып жатқан алып-қашпа әңгімелерді жоққа шығарған болатын. Сол жерде ол шетелге не үшін қашып кеткенін айтып берді.

ДереккөзInform.kz