Кеңеске Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, Президенттің көмекшісі — Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Владимир Жұмақанов, Бас прокурор Жақып Асанов, Мемлекеттік күзет қызметінің директоры Амантай Күреңбеков, Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры Ғабит Байжанов, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Самаш Әбіш қатысты.
Басқосуда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізудің жалпы тәртібі және оны өткізу кезінде елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы алдағы іс-шараны дайындау және оны сапалы өткізу үшін ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті.
«Біз көңіл толқытарлық сәтке көрменің ашылуына таяп қалдық. Қазақстанның астанасына келетін қонақтар саны көп болады. Бүгінде «ЭКСПО-2017″ көрмесіне 1,2 миллион билет сатылған екен. Бұл біз күткендегіден әлдеқайда көп», — деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі жағдайдың тұрақсыз екенін ескере отырып, көрмені өткізу кезінде қонақтар мен ел азаматтарының қауіпсіздігін Астанада ғана емес, барлық өңірімізде де жоғары деңгейде қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Бұл үшін әр басшыға жеке жауапкершілік жүктеледі.
Мемлекет басшысы кеңес қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берді.