Мемлекет басшысы Қарулы Күштерді 2016 жылғы дамытуға байланысты бірқатар міндет қойды

Іс-шараға Президент Әкімшілігінің Басшысы Н.Нығматулин, Президенттің көмекшісі — Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаев қатысты.

Кеңес барысында елдің қорғаныс қабілетін және әскерлердің жауынгерлік дайындығын арттыру жөніндегі Қарулы Күштер қызметінің 2015 жылғы қорытындылары талқыланды.

Қазақстан Президенті әлемдік экономика мен халықаралық саясаттағы қиындықтарға қарамастан еліміздің тұрақты дамығанын, дағдарысқа қарсы тиісті стратегиясын әзірлегенін және биылғы жылды оң көрсеткіштермен аяқтап отырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы «Нұрлы жол», индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары мен Бес институционалдық реформаның кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын айтты. Қазақстан Президенті бұл орайдағы қадамдар алға қойылған ауқымды міндеттерді белсенді түрде әрі нәтижелі жүзеге асыруды қажет ететініне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев армияның қазіргі заманғы әскери және террорлық қатерлердің алдын алу мен болдырмаудағы маңызды рөлін атап өтті.

Әрбір қазақстандық өз қауіпсіздігі туралы ойлай отырып, ең алдымен Қарулы Күштерімізге үміт артады. Сондықтан ешқайсыңыз мұны ұмытпауларың керек. Сіздер өздеріңіз әрдайым тас-түйін дайын және бес қаруларыңыз да сай болғаны жөн. Мемлекет өз тарапынан армияға қажетті барлық жағдайды жасауға тиіс. Сіздердің міндеттеріңіз — офицерлер мен сарбаздарды тәрбиелеу және сапалы деңгейде даярлау, — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Жоғарғы Бас Қолбасшы Қарулы Күштердің әскери қызметшілері қарулы қақтығыстардың жаңа үрдістері мен ерекшеліктерін ескеру керектігін, кәсіби, жауынгерлік және моральдық-психологиялық даярлық деңгейін ұдайы арттырып отыруға тиістігін айтты.

Іс-шара соңында Мемлекет басшысы Қарулы Күштерді 2016 жылғы дамытуға байланысты бірқатар міндет қойды және офицерлерді алдағы мерекемен құттықтап, басшылық құрамға жаңа қызметтік көлік кілттерін тапсырды.

 

Дереккөзakorda.kz