Ұлттық рух, отансүйгіштік пен бірлік — егемен елдің басты құндылығы. Тарихын, өткенін біліп өскен жас өрен ел мүддесін бәрінен жоғары қояры сөзсіз. Baribar.kz адамның патриот болуына ықпал ететін үздік тарихи фильмерді ұсынып отыр.
«Міржақып. Оян, қазақ!» телесериалы
2022 жылы Қазақстан ұлттық телеарнасының тапсырысымен кинорежиссер Мұрат Есжан «Міржақып. Оян, қазақ!» деген тарихи сериалды жарыққа шығарған еді. Сериал алты бөлімді. 2023 жылы прокатқа шықты. Міржақыптың рөлін актер Бақыт Қажыбаев сомдаған. Тарихи туындыда Міржақыптың 43 жыл өмірінің бір бөлігі, яғни «Оян, қазақ!» кітабын басып, «Бақытсыз Жамал» романын жазған кезі, ашаршылықтағы қоғамдық-саяси қызметі, ұлт бірлігі үшін ерен еңбегі, «Бутырка» абақтысына қамалғаны баяндалған.
Сонымен қатар Міржақып пен жары Ғайнижамалдың махаббаты да көрініс тапқан. Қазіргі жас өрендердің еліне, ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру үшін өткен тарихты толық түсіндіру керек. Жастар ата-бабамыз жүріп өткен даңғыл жолды танып, білсе ғана патриот, отансүйгіш болып, ел мүддесі үшін еңбек ете бастайды.
«Ұлы дала таңы» тарихи фильмі
2022 жылы Ақан Сатаев Қасым ханның билік құрған кезі жайлы «Ұлы дала таңы» деген тарихи фильм түсірген. Фильм тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай көрермен назарына ұсынылған еді. Ал былтыр Қазақстанның Егемендік декларациясы қабылданғанына 35 жыл толуына орай Бәңкокте көрсетілген. Қасым хан билік еткен тұста «Қасым ханның қасқа жолы» деген заң жинағы шығып, Қазақ хандығының аумағы тұтас Шығыс Дешті-Қыпшақты алып жатты. Шекара сызып, заң бекіту — егемен елдің, бірлік пен тұрақты өмірдің басты құндылығы. Бұл туындыны көрген адам XV–XVI ғасырларда-ақ қазіргі мемлекетіміздің іргетасы қаланғанын түсінеді. Қазақтың егемендігі мен бірлігі үшін күресіп, өмірден өткеннің өнегесін бойына сіңірген жас ұрпақ ел дамуына үлес қосары анық.
«Қажымұқан» көркем фильмі
2024 жылы күрестен тұңғыш әлем чемпионы болған Қажымұқан Мұңайтпасов туралы көркем фильм үлкен экранға шықты. Режиссер Қанағат Мұстафин фильмнің сценариін жазып, Қажымұқанның болмысын, бейнесін толық ашу үшін балуан жайлы тарихи деректі 10 жыл зерттеген. Қанағат Мұстафиннің пікірінше, жасөспірімдер шетел мультфильмінің кейіпкеріне емес, қазақ балуанына еліктеп өсуі керек.
Қажымұқанның жас және қарт кезін ағайынды Диас Төлепберген мен Ербол Төлепберген сомдаған. Ерболдың бойы екі метрден асады. Актерлер екі жарым ай дайындалып, каскадер әдістері мен қауіпті трюктер меңгерген. Сондықтан Қажымұқан бейнесіне еніп, күрес тәсілдерін көрсету үшін дублерді қажет етпеген. Шығармашылық топ фильмге арнап 300-дей костюм тіккен. Алты жасынан бастап жұмыс істеп, аяққа тұрып, қазақты әлемге танытқан Қажымұқанның өмірі толық бейнеленген фильм жастардың қайратын шыңдап, көрерменге рух береді.
***
Тағы оқыңыз:
