Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Испанияда Димаш пен оның жанкүйерлері туралы фильм түсірілді

Фото: Instagram/kudaibergenov.dimash
Испанияда қазақ әнші Димаш Құдайберген туралы түсірілген деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Жоба әншінің Испаниядағы La Gran Voz Kazaja фан-клубының қолдауымен әзірленген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Dimasnews мәліметінше, фильмнің режиссеры – жас испан кинематографисі Давид Кольянтес Родригес. Премьера Мадридтегі Palacio de Hielo кинотеатрында ұйымдастырылып, оған 130-дан астам көрермен қатысты.

Қонақтар қатарында Қазақстанның Испаниядағы елшісі Данат Мұсаев бастаған дипломаттар, қазақ диаспорасының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері және жас қазақстандық әнші Жанель Әли болды.

Фильм Испаниядағы Dears жанкүйерлер қауымдастығына арналған алғашқы деректі жоба саналады. Картина желісі Димаштың шығармашылығынан шабыт алған бес жанкүйердің өмірі мен оқиғаларына құрылған. Олар әншінің өнерімен қалай танысқаны және Dears қауымдастығының өмірлерінде қандай орын алатыны туралы баяндайды. Түсірілім барысында режиссер Испанияның бірнеше өңірін аралап, фильм кейіпкерлерімен кездескен. Сонымен қатар ол қазақстандық әншінің халықаралық жанкүйерлер қозғалысының ерекшеліктерін зерттеген, — делінген хабарламада.

Димаш Құдайберген туралы фильм
Фото: Dimasnews

Жоба авторларының айтуынша, фильмнің басты мақсаты – әлемдік аудиторияға «Димаш феноменін» және оның түрлі елдердегі тыңдармандарына тигізетін мәдени әрі эмоциялық ықпалын көрсету.

Фильмнің соңғы титрларында Жанель Әлидің орындауындағы Te prometo әні шырқалады. Бұған дейін жас әнші Димаштың Барселонадағы концертінде онымен бір сахнада өнер көрсеткен болатын. Премьерадан кейін көрермендер мен жанкүйерлер арнайы мерекелік кешке қатысып, туындыдан алған әсерлерімен бөлісті.

Жоба авторларының мәліметінше, алдағы уақытта фильм Испаниядағы бірқатар ұлттық кинофестивальдерде көрсетіледі. Фестивальдік көрсетілімдер аяқталған соң картина ашық онлайн-платформаларда жарияланады. Халықаралық көрермендер үшін ағылшын, қазақ, орыс және қытай тілдеріндегі субтитрлер әзірленеді.

Авторлар бұл туынды Димаштың тұрақты жанкүйерлеріне ғана емес, оның шығармашылығымен енді танысып жатқан шетелдік аудиторияға да қызық болады деп есептейді.