Жеке өмірін құпия ұстайтын жұлдыздар кімдер?

Бұл сауалға көпшіліктің бірден "Қайрат Нұртас" деп жауап берері сөзсіз. Бірақ Қайраттан өзге де жұлдыздар отбасылы екенін жасырмаса да, олардың суретін әлеуметтік желіге жариялау мен сұхбатта олар туралы айтудан бас тартады. Сонымен, жеке өмірін көпшіліктен жасыратын жұлдыздар кімдер?

Қайрат Нұртас

Қайрат Нұртас әйелімен

Талай қыздың арманы болып, көпшіліктің сүйіктісіне айналған Қайрат Нұртастың жары — Жұлдыз Абдукаримова. Алайда, ол туралы әншінің өзі де, анасы да жақ ашпайды. Неге? Бұл сұрақтың жауабын жақында білетін боламыз. Осы күзде Қайраттың «Қалыңдық» атты фильмі жарыққа шығады. Әншінің анасы, әрі продюсері Гүлзира Айдарбекованың айтуынша, фильм 90 процент шындыққа құрылған. Онда Қайрат пен оның әйелі басты рөлде ойнайды екен. Ендеше, күтейік. Шындықтың ауылы алыста емес.

Қарлығаш Мұхамеджанова

Қарлығаш Мұхамеджанова күйеуімен

Актриса 2012 жылы Бекболат Балгимбаев есімді бизнесменге тұрмысқа шыққан еді. Олардың тойына көптеген әншілер мен әртістер қатысты. Алайда, Қарлығаш отбасылы екенін жасырмаса да, отағасы туралы айта беруді жөн санамайды. Бірақ, кейінгі кезде өзінің инстаграмдағы парақшасында жас аналарға, бөпелерге арналған заттарды жарнамалап жүр. Актрисаның жазылушылары бұны жақсы жаңалыққа жорыды.

Айнұр Ілиясова

Айнұр Ілиясова

Айнұр мен оның күйеуі Дәулеттің тойы да дүркіреп өткен еді. Алайда, актриса тойға дейін болашақ жарының кім екенін қалай жасырса, тойдан кейін де оның суретін көрсетпеді. Сондай-ақ, Айнұр сәбиінің де суретін әлеуметтік желіге ашықтан-ашық жарияламайды. Көбінесе бөпесінің бетін көрсетпеуге, стикерлермен жауып қоюға тырысады. Дегенмен, жас ана белсенділігін тоқтатқан емес. Қазір декреттік демалыста болса да, болашақ аналар мен жас аналарға арналған «БөпеFair» жәрмеңкесін ұйымдастырып жатыр.

Аружан Жазылбекова

Аружан Жазылбекова

Көрермендерге «Анаға апарар жол» фильмі арқылы таныс актриса 2013 жылы режиссер Ахат Ибраевқа тұрмысқа шықты. Бірақ жұлдызды жұп әлі күнге дейін көпшілік үшін «жұмбақ». Бәлкім екеуі де бір салада жүрген соң, осындай құпиялылықты жөн көрген болар.

Нұртас Адамбай

Нұртас Адамбай

Ньюсмейкер, режиссер және шоумен Нұртас Адамбай осыдан біраз уақыт бұрын әйелімен қарым-қатынасының қиындап кеткенін айтқан еді. Бірақ бұл уақытша қиындық қазір артта қалған. Нұртас әлеуметтік желіге ұлы екеуінің суретін ғана салады. Оның өзінде баласының түрін анық көрсетпеуге тырысады. Соған қарағанда, Адамбай да жеке өмірін жариялаудан қашатын сияқты.

Хош, отбасылық өмірін құпия сақтайтын жұлдыздардың бестігі осындай болды. Бұл көз тиіп кетуден қорғану ма, әлде жеке өмірдің құпиялылығы ма? Ол жағы жұлдыздардың өзіне аян.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!