Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Қазақстанда маңызды дәрілерді тіркеу тәртібі жеңілдеді

Фото: ДСМ

Не болды?

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов еліміздегі дәрі-дәрмек нарығын дамытуға бағытталған заңнамадағы өзгерістер туралы айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Депутаттың мәліметінше, Қазақстан азаматтары қажет дәріні таба алмай, оны шетелден алдыруға мәжбүр болатын жағдайлар жиі кездеседі. Бұған дәрілік препараттарды тіркеу рәсімінің ұзақ болуы мен бюрократиялық кедергілер себеп болған.

Жаңа түзетулер бойынша, дәрі АҚШ-тың FDA немесе Еуропаның EMA секілді беделді реттеуші органымен мақұлданса, Қазақстанда оны қайта тексермейді. Мұндай препараттарды тіркеу мерзімі 15 күнге дейін қысқарады. Бұған дейін бұл рәсім ресми түрде 210 күнге созылып, іс жүзінде бірнеше жылға дейін жалғасатын еді.

Сонымен қатар дәрілерді тіркеуге қатысты сараптама, бағаны бекіту және басқа да әкімшілік рәсімдер бір қызметке біріктіріліп, олардың нарыққа шығу процесі жеделдеді.

Заңдағы тағы бір жаңалық – отандық дәрі өндіруге арналған шикізат енді ел шекарасында міндетті тексеруден өтеді.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау министрлігі фармацевтикалық компаниялардың өтінішін күтпей-ақ, халыққа қажет дәрілерді өз бастамасымен тіркеу рәсімін бастай алады. Бұл әсіресе арзан немесе патент мерзімі аяқталған, бірақ сұранысқа ие препараттарды елге жылдам жеткізуге мүмкіндік береді.

Депутаттың пікірінше, енген өзгеріс маңызды дәрі-дәрмекті қолжетімді етіп, олардың Қазақстан нарығына тезірек келуіне жол ашады.

Контекст

Естеріңізге салайық, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасының өскенін жоққа шығарды.

Exit mobile version