Қазақстанда есірткі жеткізу арналарына қарсы ауқымды операция жүргізілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, биыл сәуір айынан бері тоғыз халықаралық және екі өңірлік есірткі арнасы жойылып, бір фитозертхананың қызметі тоқтатылған.
Ақтау қаласының әуежайында шетел азаматының денесіне жасырып өткізбек болған жалпы салмағы 1 келі болатын 114 апиын капсуласы тәркіленді. Ал Астана әуежайында Оңтүстік Азия елдерінің бірінен 12 келі гашиш майын алып келген Қазақстан азаматы ұсталған. Сонымен қатар құқық қорғау органдары «көкнәр сабанын» контрабандалық жолмен тасымалдап, оны тарату және есірткі өндірумен айналысты деген күдікке ілінген ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты, — делінген хабарламада.
ҰҚК мәліметінше, операция барысында:
- 3,4 кг апиын;
- 9 кг гашиш;
- 11,4 кг синтетикалық есірткі;
- 18,5 кг гашиш майы;
- 26,4 кг марихуана;
- 110 грамм кокаин;
- 20 тонна көкнәр сабаны;
- 150 литрден астам прекурсор тәркіленген.
Аталған құқық бұзушылықтарға қатысы бар деген күдікпен 23 Қазақстан азаматы және үш шетел азаматы ұсталды. Қазіргі уақытта барлық дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

