Жезқазғанда кәріз құдығында жүргізілген жөндеу жұмыстары кезінде қайғылы оқиға болып, коммуналдық қызметтің бір қызметкері қаза болды. Тағы бір жұмысшы ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, төтенше жағдай кәріз жүйесін тазалау кезінде болған. Жабық кеңістікте улы газдың, болжам бойынша метанның бөлінуі салдарынан екі жұмысшы уланып қалған. 1982 жылы туған қызметкер оқиға орнында көз жұмса, 1986 жылы туған екінші жұмысшы жедел түрде медициналық мекемеге жеткізілген.
Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккен азамат ауруханаға тыныс алу жеткіліксіздігі белгілерімен өте ауыр жағдайда түскен. Кейін оның жағдайы тұрақтанып, нефрология бөліміне ауыстырылған. Облыстық аурухананың бөлім меңгерушісі Дмитрий Угрюмов науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетілгенін айтты.
Оқиғаға қатысты Ұлытау облысының әкімдігі ресми түсініктеме берді. Әкімдік мәліметінше, қайғылы жағдай 20 мамыр күні Абай мен Чехов көшелерінің қиылысында болған. Зардап шеккендер «Жылу-су шаруашылығы кәсіпорны» АҚ қызметкерлері екені нақтыланды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 156-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

