Ақтөбедегі Тахауи Ахтанов атындағы драма театры үшін жаңа ғимарат салуға үкімет резервінен 8 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Үкіметтің мәліметінше, бұл шешім Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы аясында қабылданған. Тиісті қаулыға Олжас Бектенов қол қойған.
80 жылдық тарихы бар театрдың жаңа ғимараты Алтын орда шағынауданында салынып жатыр. Жоба бойынша театр 700 орынға арналған болады. Жаңа мәдени нысанда үлкен және кіші залдар, заманауи репетициялық бөлмелер мен сахналық кеңістіктер қарастырылған. Сонымен қатар театр аумағында саябақ, демалыс аймақтары және тұрғындарға арналған стадион салу жоспарланып отыр, — делінген хабарламада.
Үкімет мәліметінше, жоба театр қызметінің сапасын арттыруға, шығармашылық ұжымдарға қолайлы жағдай жасауға және театр өнерін дамытуға бағытталған.

